- ҚОНЫС АУДАРУДАН БАСТАП ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ АЗАМАТТЫҒЫН АЛҒАНҒА ДЕЙІН ӨТЕТІН РӘСІМДЕРДІҢ ҚЫСҚАША СҮЛБЕСІ
-
- 1. Жеке сәйкестендіру нөмірін алу – Мемлекеттік кірістер басқармасы.
- 2. Қандас мәртебесін алу – «Құтты мекен» мобильдік қосымшасы немесе Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері.
- 3. ҚР тұрақты тұруға рұқсат алу – Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасы.
- 4. Ықтиярхат рәсімдеу – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпарациясы КеАҚ Халыққа қызмет көрсету орталығы.
- 5. Өңірлік квотаға кіруге өтініш беру – Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы.
- 6. Өңірлік квотаға кірген қандастардың мемлекет тарапынан берілетін бірреттік жәрдемақы алу тәртібі – Жергілікті Мансап орталығы.
- 7. ҚР азаматтығын алу үшін қажетті құжаттар тізімі – Полиция департаментінің Көші-қон қызмет басқармасы.
- Видео-нұсқаулық: Қазақстанға көшуді жоспарлаған этникалық қазақтар ең алдымен не істеу керек?
-
- ЖЕКЕ СӘЙКЕСТЕНДІРУ НӨМІРІН (ЖСН) АЛУ
-
- Жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) – жеке тұлғалар үшін құжаттарды дайындау кезінде ақпараттық жүйе генерациялайтын сандардың бірегей 12 таңбалы комбинациясы. Ақпараттық жүйеде тұлғаны алғашқы тіркеу кезінде ЖСН автоматты түрде жасалады. Сонымен қатар, болашақта жеке тұлғаға берілген нөмір енді өзгертілмейді немесе қайта берілмейді. Белгілі бір ЖСН-ге (демек – жеке тұлғаға) қатысты мәліметтер сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінде, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде (оның ішінде ҚР ҚМ МКК базасында) және басқа мемлекеттік мекемелердің базаларында. сақталады:
- ЖСН бірегейлік және өзгертілмеу қағидаттарын ескере отырып автоматты түрде қалыптасады. ЖСН деректерінің құрылымында пайдаланатын әртүрлі деңгейдегі ақпараттық банктер деректерінің тұтастығын сақтау мақсатында ол бастапқы қалыптастырылған сәттен бастап қандай да бір түрлендіруге немесе қайта өңдеуге жатпайды. ЖСН Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің бет жағында, туған күнінен төмен, 12 цифрдан тұратын тіркес түрінде орналасқан, ал Қазақстан Республикасы азаматының паспортында ЖСН 2 бетте көрсетілген. ЖСН алу үшін қандастарымыз және отбасының барлық мүшелері тұрғылықты жері бойынша «Халыққа қызмет көрсету орталығына» жүгінуі қажет. Ол үшін келесі құжаттар талап етіледі:
- – бейрезидент жеке тұлғаның, шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжат;
- – жеке басын куәландыратын құжатының нотариуспен ресімделген қазақ және орыс тіліндегі аудармасы.
- ЖСН алуға құжаттарды тапсырған күннен бастап 1 жұмыс күні ішінде беріледі.
- Видео-нұсқаулық: Қандастардың ЖСН алу тәртібі
-
- ҚАНДАС МӘРТЕБЕСІН АЛУ
-
-
"Қандас" мәртебесін алу үшін этникалық қазақтар «Құтты мекен» мобильдік қосымшасы немесе Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері арқылы өтінішпен қосып келесі құжаттырды тапсырады:
-
– еркін нысандағы өмірбаян;
-
– өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің (бар болса) жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері, нотариат куәландырған қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасымен (туу туралы куәлік, шетелдік паспорт, азаматтығы жоқ адамның куәлігі немесе этникалық қазақтардың шыққан елдерінің арнайы органдарының басқа да ресми құжаттары);
-
– жеке басын куәландыратын құжаттарда ұлты жазылмаған жағдайда, өтініш берушінің ұлтын растайтын басқа да құжаттар белгіленеді.
-
Қандас мәртебін беру жөніндегі өтінішті, халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган жанындағы арнайы құрылған комиссия қарастырады. Комиссия «қандас» мәртебесін беруден бас тарту немесе мынадай шарттарды ескере отырып «қандас» мәртебесін беру туралы ұсыным шығарады:
-
1) Қазақстан Республикасы Үкіметімен белгіленген өңірлерге қоныстандыру үшін;
-
2) демографиялық дамуға қажеттілігі бар даму әлеуеті бар агломерация аумақтарында және ауылдық елді мекендерде, шағын және моноқалаларда, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларда қоныстандыру үшін;
-
3) тұрғын үй мәселелерін өз бетінше шешу мүмкіндігімен Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын және Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын өтініш берушінің отбасымен және/немесе жақын туыстарымен қауышу үшін;
-
4) тұрғын үй мәселелерін өз бетінше шешу мүмкіндігімен жұмыс берушілердің шақыруы бойынша бос жұмыс орнына жұмысқа орналасу үшін.
-
5) Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқитын этникалық қазақтар оқу орнынан анықтаманы қоса бере отырып.
Қандас мәртебесінің мерзімі - 1 жыл.
-
Қандас мәртебесін беруді қарастыру мерзімі – 35 жұмыс күні.
- Видео-нұсқаулық: Құтты мекен қосымшасы арқылы қандас мәртебесіне өтініш беру тәртібі
-
- ҚР ТҰРАҚТЫ ТІРКЕУГЕ ТҰРУ
-
- ҚР тұрақты тұруын растайтын құжат – бұл тұру ықтиярхаты. Тұру ықтиярхатын алу үшін тұрақты тұруға рұқсат алу қажет. Рұқсат аумақтық полиция департаметтерінде беріледі. Сонымен қатар, қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу, тұрақты тіркелген қоныс аударушының берген өтініші негізінде жүзеге асырылады. Халықты жұмыспен қамту орталықтары тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелгенін және қоныс аударушыда, сонымен қатар онымен тұрақты бірге тұратын отбасы мүшелерінде меншік құқығына тиесілі тұрғынжайдың бар-жоғын растайтын мәліметтерді алады. Осылайша, тұрақты тіркеуді алу аймақтық квотаға кандастарды қосу үшін маңызды процесс болып табылады.
- Қандас (оралман) мәртебесін және ЖСН алғаннан кейін, Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты тұруға рұқсат алу үшін тұрғылықты мекен-жайы бойынша ҚР ІІМ көші-қон қызметі бөлімшелеріне тиісті құжаттарды жинап тапсырады. Қажетті құжаттар тізімі:
- – өтініш-сауалнама;
- – көрсетілетін қызметті алушының ұлттық паспортының, азаматтығы жоқ адамның құжатының көшірмесі және түпнұсқасы (салыстыра тексеру үшін), олардың жарамдылық мерзімі өтініш берген күні күнтізбелік 180 күннен астам болуы тиіс;
- – бірлесіп өтініш берген кезде он алты жасқа толмаған баланың жеке басын растайтын баланың туу туралы куәлігі немесе басқа құжаттың көшірмесі және түпнұсқасы (салыстыра тексеру үшін);
- – оның азаматтығы бар немесе тұрақты тұратын мемлекетінің жазбаша келісімі, ол кету парағы не шетелге тұрақты тұруға арналған рұқсатты растайтын басқа құжат ретінде жүруі мүмкін (босқындар деп танылған немесе Қазақстан Республикасында пана ұсынылған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды және егер халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, Қытай Халық Республикасынан келетін этникалық қазақтарды қоспағанда);
- – өтінішхат берушінің қолтаңбасымен қазақ немесе орыс тіліндегі өмірбаян;
- – этникалық қазақтарды, бұрынғы отандастарды, Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасында немесе Қазақстан Республикасында туған немесе бұрын оның азаматтығында болған адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар негізінде жеңілдетілген тәртіпте Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқығы бар адамдарды және олардың отбасы мүшелерiн қоспағанда, «Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсаттар алуға үміткер шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасында болу кезеңінде өздерінің төлем жасау қабілеттігін растау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 26 қарашадағы № 1185 қаулысына сәйкес өзінің төлем қабілеттілігін растау туралы құжат;
- – азаматтығы тиесілігі немесе тұрақты тұратын мемлекетте соттылығы (соттылығының болмауы) туралы тиісті мемлекеттің құзыретті органы берген құжат (Қытай Халық Республикасы азаматтарының этникалық қазақтарын қоспағанда, егер өзге халықаралық шарттарда көзделмесе);
- – Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға 14-тен 18 жасқа дейінгі баланың нотариалды куәландырылған келісімі;
- – өтініш берушіге тұруға тұрғын үй ұсыну және тұрақты тіркеу есебіне қою туралы жеке және заңды тұлғамен нотариалды куәландырылған шарт не нотариалды куәландырылған келісім;
- – «Шетелдіктерде және азаматтығы жоқ адамдарда болуы олардың Қазақстан Республикасына келуіне тыйым салатын аурулардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 664 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2011 жылғы 24 қазанда № 7274 болып тіркелді) сәйкес шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға келуге тыйым салынатын сырқаттардың бар-жоғы туралы шетелдіктің медициналық куәландыру туралы анықтамасы;
- – көлемі 35х45 мм бір фотосурет;
- – тиісті мемлекеттің құзыретті органы берген басқа мемлекеттің азаматтығының болмауы және тоқтатылуы туралы анықтама (туу фактісін анықтаған не басқа мемлекеттік аумағында оның тұруы анықталған жағдайда жеке басты куәләгә жоқ көрсетілетін қызметті алушы жүгінген кезде).
- Ішкі істер органдары этникалық қазақтар және олардың отбасы мүшелері өтініш берген кезден бастап күнтізбелік 60 (алпыс) күн ішінде олардың тұрақты тұруға рұқсат алу және тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы өтініштерін қарауға міндетті, рұқсат беру немесе одан бас тарту туралы шешім шығарады. Тұрақты тұруға рұқсат Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптар сақталған кезде, көшіп келушілерге ішкі істер органдары беретін және оларға республика аумағында тұрақты тұру құқығын беретін құжат түрінде беріледі.
- Видео-нұсқаулық: Тұрақты тұруға рұқсат алу және ҚР азаматтығын рәсімдеу
-
- ЫҚТИЯРХАТ АЛУ ТӘРТІБІ
-
- Тұрақты тұруға рұқсат негізінде ықтиярхат (шетелдік азаматтардың құжаты) алуға Халыққа қызмет көрсету орталықтарына қажетті құжаттар тапсырады. Аталған мекемелер ықтиярхатты, өтінішті қабылдаған сәттен бастап 17 жұмыс күнінен кешіктірмей беруі тиіс.
- Қажетті құжаттардың тізбесі:
- – жарамды ұлттық паспорт;
- – өлшемi 3,5 х 4,5 см. екі фотосурет (қағаз түрінде);
- Азаматтығы жоқ адамның куәлігін ресімдеу үшін:
- – мемлекеттік бажды төлеу туралы құжат;
- – көлемі 3,5х4,5см үш фотосурет (формулярды қағаз жеткізгіште толтыру кезінде):
- – келесі құжаттардың бірі: жарамдылық мерзiмi аяқталған шетелдік паспорт; азаматтығы жоқ адамның куәлiгi; 1974 жылғы үлгідегі паспорт (бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы);
- – әскери билет;
- – бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаны туралы анықтама;
- – Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу және азаматтығын өзгерту, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес азаматтықты өзгерту туралы анықтама;
- – туу туралы куәлік (он алты жасқа дейінгі адамдарға ресімдеу кезінде);
- – Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелері беретін оралу куәлігі (шетелде уақытша жүрген азаматтығы жоқ адамның куәлігі жоғалған кезде).
- Видео-нұсқаулық: Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат пен ықтиярхат қалай алуға болады?
-
- ӨҢІРЛІК КВОТАҒА КІРУ
-
- Қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге тұрақты тұру үшін келетін, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделген мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілетін қандастардың немесе қандастар мен олардың отбасы мүшелерінің шекті саны.
- Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен 2024 жылы қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы 2433 адамға белгіленді. 2024 жылы квота өңірлерге келесідей бөлінді: Павлодар облысы – 902, Қостанай облысы – 550, Ақмола облысы – 285, Шығыс Қазақстан облысы – 269, Солтүстік Қазақстан облысы – 207 адам, Абай облысы – 220 адам. Қандастардың тіркелген мекен-жайы: ШҚО, Павлодар, Ақмола, Абай, СҚО, Қостанай облыстарының бірінде болса, өңірлік квотаға ене алады.
- Қазақстан Республикасының аумағына өз бетінше келген, қандас мәртебесін алған этникалық қазақтар Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына немесе тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы өтініш береді.
- Өтінішке қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасымен мынадай құжаттар қоса беріледі:
- – қандастың және оның отбасы мүшелерінің (бар болса) жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері;
- – неке немесе некені бұзу туралы куәліктің (бар болса) көшірмесі;
- – білімін, біліктілігін және белгілі бір мамандық бойынша жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттардың (бар болса) не еңбек кітапшасының (бар болса) көшірмелері немесе жұмыс орнынан анықтама.
- Жергiлiктi атқарушы орган, өңірлік квотаға енгізу туралы өтініш білдіруші қандастардың тізімін қалыптастырады және өтініштерді алған күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей Комиссияға жолдайды. Комиссия өтініш білдірушілердің тізімдерін алғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы не одан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Жергiлiктi атқарушы орган күнтізбелік 5 күн ішінде өтініш берушіге қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілгені туралы шешімді жолдайды.
- Видео-нұсқаулық: Қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу тәртібі
-
- ӨҢІРЛІК КВОТА АЯСЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК ЖӘРДЕМАҚЫ АЛУ ТӘРТІБІ
-
- Өңірлік квотаға енгізілген қандастармен біржолғы мемлекеттік жәрдемақы алу тәртібі және қажетті құжаттар тізімі Өңірлік квотаға енгізілген қандастарға мемлекеттік бағдарлама аясында көшіп келген отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік төлем, сондай-ақ тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерге арналған шығыстарды жабу үшін бір отбасына 12 ай ішінде ай сайын 15-30 АЕК мөлшерінде өтемақы төленеді. Қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы Комиссияның шешімі шыққаннан кейін, қандас Мансап орталығына төлемдерді алу үшін жүгінуі қажет.
- Қажетті құжаттар тізімі:
- – жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аударуына жәрдемдесу бағыты бойынша қатысушылар қатарына қосу туралы өтініш;
- – көшуге субсидиялар, тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге субсидия тағайындау туралы өтініш;
- – қандас мәртебесін растайтын құжат;
- – тұруға ықтиярхат (көшірме);
- – екінші деңгейдегі банкте ашқан жеке шотының нөмірі (20 таңбалы сан);
- – тұрғын үйді жалға алу шарты немесе алдын ала сатып алу шарты (көшірмесі);
- 2024 жылы бір АЕК (айлық есептік көрсеткіш) 3692 теңгені құрайды. Осылайша, 4 адамнан тұратын орташа отбасы біржолғы 280 АЕК алуға құқылы, бұл 1 033 760 теңгені құрайды.
-
- ҚР АЗАМАТТЫҒЫН АЛУ
-
- Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында жарияланған және кепілдік берілетін азаматтық, саяси, экономикалық және әлеуметтік құқықтар мен бостандықтарды барынша толық иеленеді. Жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдануы мүмкін:
- – тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын қандастар;
- – тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын, өз еркінен тыс азаматтығынан айырылған немесе азаматтығын жоғалтқан жаппай саяси қуғын-сүргіннің ақталған құрбандары, сондай-ақ олардың ұрпақтары;
- – Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқитын этникалық қазақтар.
- Тұрақты тіркеуге және тұруға ықтиярхатқа ие бола отырып, қандас мәртебесі негізінде жеңілдетілген тәртіппен ҚР азаматтығын алуға болады. Жеңілдетілген тәртіп бойынша ҚР азаматтығын алу үшін облыстардың ПД бастығының атына өтініш береді. ҚР азаматтығына қабылдау туралы өтінішхатқа (өтінішке) мынадай құжаттар қоса тіркеледі: – бұрынғы мемлекетінің азаматтығынан бас тарту туралы өтініш (нотариуспен бекітілген); толық өмірбаян (еркін нысанда); сауалнама-өтініш; өлшемі 3,5 x 4,5 см төрт фотосурет; міндеттеме; жеке басты куәландыратын және басқа мемлекеттің азаматтығына тиесілігін растайтын құжаттың көшірмесі; қандас куәлігі; жоғары оқу орындарында оқитын этникалық қазақтар - осы оқу орнында оқитын фактісін растайтын жоғары оқу орнынан анықтама; жоғары оқу орындарында оқитын этникалық қазақтар үшін ұлтын растайтын анықтама; мемлекеттік баж салығын төлегені немесе оны төлеуден босатылғаны туралы құжат (Салық кодексінің 619 - бабына сәйкес ҚР азаматтығын алуға байланысты барлық нотариаттық іс-әрекеттер бойынша қандастар мемлекеттік баж төлеуден босатылады).
- Құжаттар тұрғылықты жері бойынша Полиция департаментінің Көші-қон полициясы бөлімшелеріне тапсырылады.
- Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі не Қазақстан Республикасы азаматының паспорты Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанын растайтын құжат болып табылады. Жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) азаматтық алу туралы материалдарды қарау мерзімі Өтініш берілген күннен бастап үш айдан аспауға тиіс.
- Видео-инструкция: Тұрақты тұруға рұқсат алу және ҚР азаматтығын рәсімдеу