СТИПЕНДИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМА

Cтипендиялық бағдарламаларға қатысу үшін үміткерлерді іріктеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

Осы Cтипендиялық бағдарламаларға қатысу үшін үміткерлерді іріктеу қағидалары (бұдан әрі Қағидалар) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 46-18) тармақшасына сәйкес әзірленді және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында (бұдан әрі ЖЖОКБҰ) шетел азаматтары, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалардың білім алуы үшін стипендиялық бағдарламаларға қатысу үшін үміткерлерді іріктеу тәртібін айқындайды.

* стипендиялық бағдарлама – қазақстандық ЖЖОКБҰ-да шетел азаматтарын, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғаларды оқытуды көздейтін және мемлекеттік бюджет қаражатынан қаржыландырылатын бағдарлама.

2-тарау. Cтипендиялық бағдарламаларға қатысу үшін үміткерлерді іріктеу тәртібі

Стипендиялық бағдарламалардың операторы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны болып табылады (бұдан әрі оператор).

Оператор өзінің порталында үміткерлерден құжаттарды қабылдаудың басталуы туралы хабарландыруды құжаттарды қабылдау мерзімі басталғанға дейін күнтізбелік 10 (он) күн бұрын орналастырады.

Стипендиялық бағдарламаларға қатысу үшін құжаттарды қабылдау мерзімі күнтізбелік жылғы 1 наурыз бен 1 маусым аралығында.

Оператор стипендиялық бағдарламаларға қатысу үшін үміткерлерден құжаттарды қабылдауды оператордың порталы арқылы онлайн-режимде жүзеге асырады.

  • Үміткер бакалавриат, магистратура, PhD докторантура білім беру бағдарламалары бойынша конкурстық іріктеуге қатысу үшін оператор порталы арқылы келесі құжаттарды ұсынады:
  • – жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
  • – алдыңғы білім деңгейі туралы құжаттың көшірмесі (транскриптімен қоса) және нотариалды куәландырылған қазақ немесе орыс немесе ағылшын тілдеріндегі аудармасы (бакалавр деңгейін алуға үміткерлер үшін орта білімді кәуландыратын құжаттың үлгерімдік орташа балы кемінде «жақсы» бағасы; магистр деңгейін алуға үміткерлер үшін кемінде 2.33 (4.0-ден) GPA орташа балымен бакалавр немесе маман дипломы немесе оның білім беру ұйымдарында алған баламасы; PhD доктор деңгейін алуға үміткерлер үшін кемінде 2.33 (4.0-ден) GPA орташа балы магистр дипломы немесе оның білім беру ұйымдарында алған баламасы);
  • – қазақ немесе орыс немесе ағылшын тіліндегі уәждемелік эссе;
  • – үміткердің білім алған оқу орнынан немесе жұмыс берушіден қазақ немесе орыс немесе ағылшын тіліндегі ұсыным хат;
  • – үміткердің тұрғылықты жерінің ресми денсаулық сақтау органы берген шетелде білім алуға арналған денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама, сондай-ақ адамның иммун тапшылығы вирусының (АИТВ) және ЖҚТБ болмауы туралы медициналық анықтама;
  • – толтырылған сауалнама;
  • – қазақстандық ЖЖОКБҰ-дан шақыру хат (бар болған жағдайда).
  •  
  • PhD докторантура білім беру бағдарламасы бойынша оқу үшін үміткер операторға қосымша келесі құжаттарды ұсынады:
  • – диссертациялық зерттеу тақырыбына оқу тіліндегі негіздеме (қазақ немесе орыс немесе ағылшын тілінде);
  • – шетел тілін білетіндігін растайтын халықаралық сертификат:
  • ағылшын тілін меңгеру бойынша:
  •  Test of English as a Foreign Language Institutional Testing Programm (TOEFL ITP кемінде 138 балл),
  • – Test of English as a Foreign Language Institutional Testing Programm Internet-based Test (TOEFL IBT), шекті балл – кемінде 32,
  • – Test of English as a Foreign Language Paper-based testing (TOEFL PBT) шекті балл кемінде 400,
  • – Test of English as a Foreign Language Paper-delivered testing (TOEFL PDT) шекті балл кемінде 47,
  • – International English Language Tests System (IELTS), шекті балл – кемінде 4.5);
  • неміс тілін меңгеру бойынша:
  • – Deutsche Sprachpruеfung fuеr den Hochschulzugang (DSH, Niveau В2/В2 деңгейі), TestDaF-Prufung (Niveau В2/В2 деңгейі);
  • француз тілін меңгеру бойынша:
  • – Test de Français International (TFI)оқу және тыңдалым секциялары бойынша B1 деңгейден төмен емес, Diplome d’Etudes en Langue français (DELF) B2 деңгейі, Diplome Approfondi de Langue français (DALF) C1 деңгейі, Test de connaissance du français (TCF) кемінде 400 балл.

      Көрсетілген тілдер ана тілі болып табылатын тұлғаға шетел тілін білетіндігін растайтын халықаралық сертификат қажет емес.

Тұлғаларды оқуға қабылдағаннан кейін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 10 қаңтардағы № 8 бұйрығымен бекітілген Білім туралы құжаттарды тану және нострификациялау қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5135 болып тіркелген), сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 600 бұйрығымен бекітілген Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17650 болып тіркелген) сәйкес шетелдік білім беру ұйымдары берген білім туралы құжат нострификация рәсімінен өтеді.

Оператор үміткерлер ұсынған құжаттарды осы Қағидалардың 7 және 8-тармақтарына сәйкестігін құжаттар тіркелген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде тексереді. Осы Қағидалардың 7 және 8-тармақтарында көрсетілген құжаттар сәйкес келген жағдайда құжаттар тіркелген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде үміткерлер бейімделу әлеуетін айқындауға арналған онлайн-тестілеуге рұқсат алады. Осы Қағидалардың 7 және 8-тармақтарында көрсетілген құжаттар сәйкес келмеген жағдайда үміткерге құжаттарды тіркеуден бас тарту туралы хабарлама жіберіледі. Бұл ретте, үміткерге стипендиялық бағдарламаларға қатысу үшін қайта тіркеуден өту мүмкіндігі беріледі.

Оператор үміткерлердің бейімделу әлеуетін айқындауға арналған онлайн-тестілеуді, сондай-ақ онлайн-әңгімелесуді жүргізеді.

Бейімделу әлеуетін айқындауға арналған онлайн-тестілеу 80 сұрақтан тұрады, өту уақыты 120 минут, өту мерзімі бейімделу әлеуетін айқындауға арналған онлайн-тестілеуге рұқсат алған күннен бастап күнтізбелік 10 күн.

Онлайн-тестілеудің нәтижесі порталда «Тестілеу» бөлімінде атауы, тест түрі, жинаған балы, өткізілген уақыты, тапсыру күні көрсетіле отырып шығарылады. Онлайн-тестілеуден өткеннен кейін оператор үміткерге күні мен уақыты көрсетілген онлайн-әңгімелесуді өткізу бойынша хатты үміткер көрсеткен поштаға жібереді.

Осы Қағидалардың 2 және 3-қосымшаларына сәйкес стреске төзімділіктің орта немесе жоғары деңгейімен баға алған үміткерлер онлайн-әңгімелесуге жіберіледі.

Онлайн-әңгімелесу оператор порталында «Вебинар» бөлімінде жүргізіледі. Үміткер құжаттарды тапсыру барысында порталда онлайн-әңгімелесу тілін өзі айқындайды.

«Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабының 3-тармағына сәйкес шетел азаматтарын, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғаларға арналған стипендиялық бағдарламаларға үміткерлерді іріктеу бойынша конкурс өткізу үшін білім беру саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен стипендиаттарды іріктеу жөніндегі Конкурстық комиссия (бұдан әрі Комиссия) құрылады.

Комиссия білім беру саласындағы уәкілетті органның, мүдделі мемлекеттік органдар мен ведомстволардың қызметкерлері, азаматтық қоғам институттарының, «Атамекен» Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары қауымдастығының өкілдері қатарынан қалыптастырылады.

Комиссияның төрағасы жетекші ететін білім беру саласындағы уәкілетті органның вице-министрі болып табылады.

Комиссия мүшелерінің саны тақ саннан тұрады. Комиссияның отырысы оның құрамының кемінде үштен екісі болған кезде заңды деп есептеледі және күнтізбелік жылғы 29 тамызға дейін өткізіледі.

Комиссия осы Қағидалардың 7 және 8-тармақтарында көрсетілген оператор ұсынған құжаттарды қарастырады және осы Қағидалардың 2 және 3-қосымшаларына сәйкес өлшемшарттар негізінде стипендиаттардың негізгі және резервтік тізімдерін құрастырады.

Комиссия шешімі төраға қол қоятын хаттамамен ресiмделедi. Дауыс тең болған жағдайда Комиссия төрағасының даусы шешуші болып саналады.

Комиссия шешімінің негізінде стипендиаттар тізімі ЖЖОКБҰ-ға жіберіледі және күнтізбелік жылғы 1 қыркүйекке дейін оператордың порталында орналастырылады.

Оператор іріктеудің нәтижелері туралы электронды хабарламаны стипендиаттарға жібереді.

ЖЖОКБҰ күнтізбелік жылғы 1 қазанға дейін білім беру бағдарламасы және оқу мерзімі көрсетілген шетел азаматтарын, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғаларды білім алушылар қатарына қабылдау туралы бұйрық шығарады.

Оператор стипендиат қабылдауға дейін стипендиядан бас тартқан жағдайда оны ауыстыруды резервтік тізімнің кезектілігіне сәйкес жүзеге асырады.