Осы Ережелер Қазақстан Республикасы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімдерінің қызметін ұйымдастыру қағидалары «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 25-1) тармақшасына сәйкес әзірленген және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) дайындық бөлімдерінің қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
ЖЖОКБҰ-ның дайындық бөлімдерінің қызметін ұйымдастыру тәртібі ЖЖОКБҰ-ның дайындық бөлімдерінің тыңдаушыларын қабылдауды және оқытуды қамтиды.
ЖЖОКБҰ-ның дайындық бөлімдеріне ақылы негізде оқуға қабылдауды ЖЖОКБҰ-лар дербес жүзеге асырады.
ЖЖОКБҰ дайындық бөлімінде мемлекеттік білім беру бойынша оқу үшін Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктерді, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарды және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау ЖЖОКБҰ конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.
Конкурсқа қатысу үшін құжаттарды қабылдау Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының (бұдан әрі – Орталық) интернет-ресурсында электрондық нысанда жүзеге асырылады. Құжаттарды электрондық нұсқада беру мүмкіндігі болмаған кезде, қабылдау қағаз түрінде жүзеге асырылады.
Конкурсқа қатысу үшін өтініштерді қабылдау Орталық арқылы күнтізбелік жылдың 5 тамызы мен 5 қыркүйегі аралығында жүргізіледі.
Ұсынылған құжаттарды Орталық осы Қағидалардың 7 және 8-тармақтарына сәйкестігіне құжаттар тіркелген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде тексереді.
Орталық ұсынылған құжаттар осы Қағидалардың 7 және 8-тармақтарына сәйкес болған жағдайда, құжаттар тіркелген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде құжаттар тапсыруды тіркеу кезінде көрсетілген электрондық поштаға хабарлама жолдайды. Осы Қағидалардың 7 және 8-тармақтарында көрсетілген ұсынылған құжаттар сәйкес келмеген жағдайда түсушіге құжаттарды тіркеуден бас тарту туралы хабарлама жіберіледі. Бұл ретте, үміткерге оқуға түсу үшін құжаттарды тіркеуден бас тарту туралы хабарламаны алғаннан бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде конкурсқа қатысу үшін қайта тіркеуден өту мүмкіндігі беріледі.
Конкурстық іріктеуді өткізу үшін ЖОО оқытушылары қатарынан қабылдау комиссиясы құрылады және Комиссия мүшелерінің құрамынан комиссия төрағасы сайланады. Комиссия мүшелерінің саны оның төрағасын қоса алғанда тақ болып табылады. Конкурстық іріктеуді қабылдау комиссиясы күнтізбелік жылдың 10-15 қыркүйегі аралығында өткізеді.
Конкурстық іріктеуді жүргізу тәртібін ЖЖОКБҰ әзірлейді және бекітеді. Конкурстық іріктеуді өткізу кестесін, өткізу күнін, уақыты мен орнын қабылдау комиссиясының төрағасы бекітеді және оқуға түсушілердің назарына құжаттарды қабылдау басталғанға дейін жеткізіледі. Тыңдаушылар өздері таңдаған ЖЖОКБҰ-да конкурстық іріктеуден өтеді.
ЖЖОКБҰ өткізетін конкурстық іріктеуден өту кезінде тыңдаушы оның жеке басын куәландыратын құжатты және құжаттың тіркелгені туралы хабарламаны ұсынады.
Конкурстық іріктеуді өткізу қорытындылары еркін нысанда Комиссия хаттамасымен ресімделеді және оған комиссия төрағасы мен барлық қатысып отырған Комиссия мүшелері қол қояды.
Қабылдау комиссиясының хаттамасы негізінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша ЖЖОКБҰ-ның дайындық бөлімдеріне тыңдаушыларды қабылдау туралы шешім шығарылады және күнтізбелік жылдың 25 қыркүйегіне дейінгі мерзімде конкурстық іріктеуден өткен Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдардың назарына жеткізіледі.
ЖЖОКБҰ меншік нысанына қарамастан конкурстық іріктеу аяқталған күні оның нәтижелерін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне береді.
Дайындық бөлімдерінің тыңдаушылары қатарына қабылдауды ЖЖОКБҰ-ның қабылдау комиссиялары күнтізбелік жылдың 25-28 қыркүйегі аралығында өткізеді.
ЖЖОКБҰ-лар тыңдаушыларды оқуға қабылдаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде дайындық бөлімдеріне қабылдау туралы бұйрықтардың көшірмелерін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне ұсынады.
Дайындық бөлімдерінде оқыту күндізгі және қашықтықтан оқыту нысанында жүзеге асырылады. Сабақтар күнтізбелік жылдың 1 қазанынан басталады. Оқу мерзімі – 9 ай.
Оқуды аяқтағаннан кейін тыңдаушыларға оқуды аяқтағаны туралы анықтама (еркін нысандағы) беріледі.
Тыңдаушыны ЖЖОКБҰ-дан шығару ЖЖОКБҰ басшысының бұйрығымен ресімделеді, оның көшірмесі оқудан шыққан күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне жіберіледі.
ЖЖОКБҰ-лар жыл сайын күнтізбелік жылдың 15 шілдесінен кешіктірмей Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне дайындық бөлімдерінің өткен кезеңдегі жұмысы туралы қорытынды есеп береді.
ЖЖОКБҰ-лар дайындық бөлімдері тыңдаушыларының статистикалық және паспорттық есебін жүргізеді.