Бішкекте Орталық Азия елдерінің су-энергетикалық ынтымақтастығы бойынша хаттамаға қол қойылды

Бүгін, 11:41

2026 жылғы 20 маусымда Бішкек қаласында Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан Республикасы су шаруашылығы мен энергетика салаларының басшыларының су-энергетикалық ынтымақтастық мәселелеріне арналған кезекті кездесуі өтті.

Қазақстан тарапынан кездесуге ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен ҚР Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов қатысты. Қырғызстан делегациясын Қырғыз Республикасының Энергетика министрі Алтынбек Рысбеков басқарды. Ал Өзбекстан тарапынан кездесуге Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев қатысты.

Кездесуде тараптар өңірдегі қазіргі су-энергетикалық жағдайды талқылап, вегетация кезеңінде қажетті су жіберуді қамтамасыз ету, сондай-ақ электр энергиясын өзара жеткізу бойынша нақты шаралар жөнінде келісімге келді. Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар тиісті хаттамаға қол қойды.

Кездесуге қатысушылар өңірдегі гидрологиялық ахуалдың қолайлы екенін атап өтіп, 2026 жылғы вегетация маусымы барлық тарап үшін оң нәтижемен аяқталатынына сенім білдірді.

Тараптар келесі кездесуді 2026 жылғы тамыз айында өткізуге келісті.

Бішкекте Орталық Азия елдерінің су-энергетикалық ынтымақтастығы бойынша хаттамаға қол қойылды