«Отандастар қоры» КеАҚ Президентінің 2026 жылғы 13 наурыздағы №24 бұйрығына сәйкес, Қоғам жанындағы Қоғамдық комиссия туралы Ереженің күші жойылып, Комиссияның қызметі 2026 жылғы 13 наурыздан бастап тоқтатылды.
«Отандастар қоры» КеАҚ жанындағы Қоғамдық комиссия 2021 жылғы 29 қаңтарда бекітілген Ереже негізінде құрылып, тұрақты жұмыс істейтін консультативтік орган ретінде қызмет атқарды. Комиссияның негізгі мақсаты – шетелдегі отандастар мен қандастарды қолдау мәселелерін талқылау және мүдделі мемлекеттік органдарға тиісті ұсыныстар мен ұсынымдар енгізу болды.
Комиссия құрамында Парламент депутаттары, елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ақын-жазушылар, саясаттанушылар мен сарапшылар қоғамдық негізде жүйелі жұмыс атқарды. Комиссияға белгілі қоғам қайраткері, саяси ғылымдарының докторы Мұрат Бақтиярұлы төрағалық етті.
2019-2023 жылдар аралығында Комиссия 11 отырыс өткізіп, шетелдегі қазақтарды қолдау және репатриациялау саласындағы өзекті мәселелер бойынша 40-тан астам сұрақты талқылады. Атап айтқанда, қандас мәртебесін алу тәртібін жетілдіру, «Ата жолы» картасын жаңарту, шетелдегі қазақ мектептері мен мәдени орталықтарын қолдау, көші-қон заңнамасын жетілдіру сияқты бірқатар маңызды мәселелер бойынша ұсыныстар әзірленіп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданды.
Соңғы жылдары Қоғамның стратегиялық қызметі толықтай шетелдегі отандастармен жұмыс жасауға, яғни сыртқы бағытқа шоғырланғандықтан, Комиссияның консультативтік форматтағы қызметі өзектілігін жоғалтты. Сонымен қатар, 2024-2025 жылдары Комиссия отырыстары өткізілмеді. Осыған байланысты, Қоғамның басқару құрылымын оңтайландыру және қызмет тиімділігін арттыру мақсатында Комиссияның қызметін тоқтату туралы шешім қабылданды.
«Отандастар қоры» Комиссия құрамына кірген барлық мүшелерге көпжылдық қоғамдық жұмысы мен қосқан үлесі үшін алғысын білдіреді.