Тәуелсіздік алған соң кандастарды елге тарту мәселесіне айрықша ден қойдық. Соның ішінде, кандас жастарды, мектеп түлектерін елімізге оқуға ынталандыру тетіктері де іске қосылған еді. Бұл теңдессіз бастама екені сөзсіз, дегенмен оның іске асырылуында айтарлықтай ілгерілеу байқалмай отыр.
Яғни, елімізге келіп оқығысы келетін этникалық қазақ жастардың саны біршама, бірақ бөлінген квота толық игерілмей отыр. Ниет білдірушілер көп, бірақ оқуға түсетіндер аз. Ресми статистикалық мәліметтерге сүйенсек, кейінгі 4 жыл ішінде грант иегері атанған кандастардың үлесі азайып кеткенін байқауға болады. Мәселен, 2019 жылы грант игеру көрсеткіші 40,12 пайыз болған, ал 2022 жылғы көрсеткіш 17,72 пайызға кеміп, 22,4 пайыз болып отыр.
Демек, бөлініп тұрған квотаның игерілуінде мәселе көп. Тетік толыққанды нәтиже беріп отырған жоқ. Ол нендей мәселелер? Қандай шаралар атқару керек?
Грант иегерлері азайып жатыр
Қазір елімізде шетелде тұратын этникалық қазақтар үшін төрт негізгі білім беру бағдарламасы бар. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарының базасындағы дайындық курстары, бакалавриатқа оқуға қабылдау үшін мемлекеттен бөлінетін
4 пайыздық квота. Нақтырақ айтқанда, еліміздегі бакалавриатқа бөлінген барлық гранттың 4 пайызы кандастарға қарастырылады. Бұл бастама 1994 жылдан бері жүзеге асырылып келеді, алғашында ол тек 2 пайыз болған, кейіннен 2017 жылғы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында квота үлесі екі еселенді.
«Отaндaстaр қоры» мәліметіне сүйенсек, негізінен Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Иран, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы және Ресейден келген кандастар бағдарламаларға қызығушылық танытады. Оның ішінде, Моңғолия мен Өзбекстан көш бастап тұр. Мұның себебі тек осы елдерде ғана қазақ тілінде білім беретін мектептер жұмыс істейтінімен түсіндіріледі.
Қордың сараптамасында оқуға түсуге ниет білдірушілердің саны жылдан-жылға артып келетіні айтылады. Алайда оқуға түсіп жатқандардың саны, керісінше кеміп барады.
Мәселен, 4 пайыздық квота саны жалпы грант санымен қатар өсіп келеді, 2019 жылғымен салыстырғанда
4 жыл ішінде грант саны 1 377-ге өскен, бірақ, грант ұтып алғандар саны азайып жатыр. Былтырғы көрсеткішті алып қарастырсақ, кандастарға 2 920 орын бөлініпті, ал ҰБТ-ға 2 046 кандас қатысқан. Соның ішінде тек 654 кандас елге оқуға түскен екен. Салыстыру үшін айта кетейік, 2019 жылы 2 151 грант қарастырылып,
2 000 бала тестілеуге қатысқан, солардың 863-і грант иегері болған.
Сонда тестілеуге қатысқан талапкерлер санында айтарлықтай өзгеріс болмауы қызығушылық пен сұраныстың өзгермегеніне дәлел бола алады. Ал сынақты тапсыру деңгейінің төмендеуі квотаны игеру, арнайы тетіктерді ұйымдастыру мәселесіндегі түйткілдерді айқындап отыр.
Нәтиже қағазда ғана
Ең алдымен, талапкер кандастардың еліміздегі түлектермен бірге ҰБТ тапсыратынын айтып өту керек. Бұл, 11 жыл елде білім алған түлектердің өзі қыруар еңбек, таудай талаппен, бармақтай бақпен еңсеретін асу десек болады. Иә, кандастарға арналған дайындық бөлімі бар, бірақ 9 ай алған ақпарат пен 11 жыл бойы сіңірген білімді салыстырудың өзі әділдік емес. Дайындық бөлімінде оқып, оқуға түсушілердің үлесі – 30-40 пайыз екен. Бұл деректің өзі дайындық бөліміндегі білім сапасы төңірегінде сұрақ тудырады.
Яғни, кандастардың Қазақстанға оқуға келуіне толыққанды мән берілмей отыр деуге болады. Маркетингтің әлсіздігі, ҰБТ тапсырудағы жүйесіздік, кандас студенттерге қатысты деректер базасының болмауы, зерттеулер мен әлеуметтік жұмыстардың жүргізілмеуі сияқты мәселелер жетерлік.
Жалпы, бұл проблемалар белгілі, бұған дейін 2021 жылы Мәжіліс қабырғасында да көтерілген еді. Сол кездегі Премьер-Министр орынбасары Ералы Тоғжанов депутаттардың сауалына жауабын да берген. Жауапта кандастарды оқуға тарту, ҰБТ-ны әңгімелесу нәтижелеріне ауыстыру, әдістемелік материалдар бойынша қолдау, қазақ тілін оқыту жүйелі түрде жүргізіліп жатқаны айтылған екен.
– 2020 жылдан бастап диаспора өкілдері ҰБТ тапсырмай дайындық бөлімдеріне ЖОО-ға дайындық бөлімдеріне қабылдаудың бекітілген қағидаларына сәйкес әңгімелесу нәтижелері бойынша қабылданады. 2021 жылы стипендиялық бағдарлама бойынша 132 кандас қабылданды, оның ішінде бакалавриатқа – 100, магистратураға – 22, докторантураға – 10. Сондай-ақ 3 жыл ішінде академиялық ұтқырлық аясында Франция, Литва, Ресей Федерациясы, Қырғыз Республикасынан 33 кандас қабылданды, – деп жазылған жауапта. Дегенмен бұл көрсеткіш көңіл көншітерлік емес. Себебі академиялық ұтқырлық бойынша елімізден, керісінше шетелге шығатын студенттер саны бұдан еселеп асып жатыр.
– «Абай институты» (www.abai.institute) диаспора өкілдерін оқыту және қазақ тілін Қазақстанда және шетелде ілгерілету үшін әзірленген. Екі жыл ішінде жеті мемлекеттің 160-тан астам өкілі онлайн-режимде білім алды. 2020 жылы «Отaндaстaр қоры» әлемнің 30 еліндегі диаспора өкілдеріне мемлекеттік тілді онлайн оқытуды ұйымдастырды. Оқудан 1 100 адам өтті. Бүгінгі күні курстарда 780 адам оқиды. Сонымен қатар YouTube бейнехостингіне 30-дан астам онлайн сабақ жүктелді, speaking club ұйымдастырылып, 336 сертификат берілді, – деген есеп беріледі. Бұл, әрине, жақсы бастама, дегенмен, әлі де болса көп күш салу керек екені байқалады. Жалпы, аталған бағыттардағы жұмыс жалғасып жатқаны және Үкіметтің бақылауында екені айтылған. Дегенмен статистикалық деректерде оң нәтиже байқалмай тұр.
Бағдарлама бар, бюджет бекітілген, дегенмен жүзеге асырудағы кем-кетіктер жобаның кежегесін кейін тартып отыр. Осы орайда мәселеден жан-жақты хабардар болып, шешу жолдарын білмекке тырысып көрдік.