Қосқұдықтағы қазақ мектебі: руханият пен білімнің шамшырағы

02 Наурыз 2026

Өзбекстан Республикасының Науаи облысына қарасты Нұрата ауданы – көне тарих пен бүгінгі тыныс қатар өрілген өңір. Жызақпен жалғайтын күре жолдың бойында орналасқан бұл аудан халқының саны 50 мыңға жуық. Археологтардың дерегінше, қала маңынан шамамен 40 мың жыл бұрынғы адам қонысының ізі табылған. Ал елді мекеннің іргесі б.з.д. IV ғасырда салынған Нұр бекінісімен, яғни Александр Македонскийдің жорықтарымен байланыстырылады.

Бүгінде Нұрата – ауыл шаруашылығы, мәрмәр өндірісі және туризм дамыған аймақ. Мұнда Чашма зиярат орны, «Әйтеке би – Сейітқұл әулие» кешені, Сентоб туризм қыстағы мен Айдаркөл бойындағы экотуризм орталықтары орналасқан. Әсіресе мамыр айында бұл өңірге келетін туристердің қарасы қалың.

Нұрата ауданының Қосқұдық, Қызылша, Шұқырқұдық, Қозыбайқұдық және Темірқауық ауылдарында қазақтар тығыз қоныстанған. Бұл елді мекендердегі төрт мектепте оқушылар ана тілінде білім алады. Жалпы Науаи облысында 58 қазақ мектебі жұмыс істейді.

Солардың бірі – ауданның шалғай ауылындағы Қосқұдықтағы №23 жалпы білім беретін мектеп. Жуырда Нұрата аудандық мектепке дейінгі және мектептегі білім беру бөлімінің басшысы К. Шамиева аталған білім ордасына арнайы барып, мектеп кітапханасында оқушылармен еркін форматта жүздесті. Кездесу барысында жастардың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, көркем әдебиеттің тұлғалық дамуға әсері, дүниетанымды кеңейтудегі рөлі кеңінен сөз болды.

Расымен, кітап – адамның сенімді серігі. Ол білім көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, тіл байлығын арттырады, ойды жүйелеуге, өмірлік ұстанымды айқындауға ықпал етеді. Әсіресе оқушы жастар үшін кітап оқу – тек оқу бағдарламасымен шектелмей, бос уақытты мазмұнды өткізудің тиімді жолы.

Қосқұдықтағы №23 мектептің кітапханасы қазақ әдебиетінің көркем туындыларымен толықтырылған. Жыл сайын сәуір-мамыр айларында өтетін «Мектеп кітапханасына кітап сыйла» акциясы аясында мектептің 10, 20, 30, 40, 50 жылдық түлектері туған мектебіне кітап тарту етіп, рухани қазынаны байытып келеді. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі.

Қосқұдықтан түлеп ұшқан дарындар да аз емес. Солардың бірі – Қызылқұм өңіріне танымал ақын, биолог-ұстаз Полат Қазыбеков. Мұндай тұлғалардың шығуы ауыл мектебіндегі білім мен тәрбиенің сапасын айғақтай түседі.

Шалғайда орналасса да, Қосқұдықтағы қазақ мектебі ұлттық рух пен ана тілді білімнің тірегіне айналып отыр. Бұл – тек бір ауылдың емес, шетелдегі қазақ қауымының рухани өміріндегі маңызды белес.

 

Авторы: Гүлдана Нарынбетова, журналист

Қосқұдықтағы қазақ мектебі: руханият пен білімнің шамшырағы