«Отандастар қоры» және «Медиа дамыту қоры» бірлескен жобаларды талқылады

Кеше

«Отандастар қоры» КеАҚ-да «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қорының жобалар координаторы, «Kazakh Speaking Club» жобасының авторы Эльмира Сүлейманқызымен кездесу өтті.

Кездесу барысында меморандум аясындағы бірлескен жұмыстар және алдағы жоспарлар талқыланды. Атап айтқанда, «Үркер» және «Тұмар» ұлттық медиа байқауларында шетелдегі қазақтілді БАҚ үшін арнайы номинацияны қайта енгізу, шетелдегі қазақтілді журналистер туралы бірлескен контент дайындау және Euronews Academy бағдарламасына қандас студенттерге квота бөлу мүмкіндігі талқыланды. 

Сонымен қатар Қазақстанда журналистика және PR мамандығында білім алып жатқан қандас студенттердің отандық БАҚ-та тағылымдамадан өтуіне қолдау көрсету, университет базасында офлайн және онлайн форматта біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру мәселелері қарастырылды. 

Бұдан бөлек, «Медиа әлем» жобасы арқылы шетелдегі және отандық БАҚ өкілдерін насихаттау, шетелдегі қазақтілді медиа өкілдерін Қазақстанға шақырып, Astana Media Week аясында тәжірибе алмасу курстарын өткізу, қазақ тілін үйретуге бағытталған жобалар мен стартаптармен серіктестік орнату және онлайн форматта «Kazakh Speaking Club» жобасын бірлесіп дамыту жоспарланды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар медиа, білім және тіл бағытындағы ынтымақтастықты жүйелі түрде жалғастыруға уағдаласты.

«Отандастар қоры» және «Медиа дамыту қоры» бірлескен жобаларды талқылады