Мадридте Испаниядағы қазақ мәдени бірлестіктерінің өкілдерімен кездесу өтті

17 Шілде 2025

2025 жылғы 14 шілдеде Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі Елшілігінің қолдауымен Мадрид қаласында Испанияда тұратын қазақ мәдени ұйымдарының басшылары мен белсенділері қатысқан кездесу өтті.

Іс-шараға Мадрид қаласындағы «Испаниядағы қазақ диаспорасы», «Испаниядағы қазақ үйі» ұйымдарының өкілдері, Гранада қаласынан «Мөлдір Үміт» ұйымы, сондай-ақ Валенсия және Будапешт қалаларынан арнайы келген қонақтар қатысты.

Кездесу барысында «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Данияр Қадыров шетелдегі отандастармен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту, ұлттық болмыс пен ана тілді сақтау, сондай-ақ қазақ мәдениетін шетелде ілгерілетуге бағытталған Қоғамның негізгі бастамалары мен жобалары туралы ақпарат берді.

Жиын аясында қатысушылар Испаниядағы қазақ орталықтарының өзара байланысын күшейту, Еуропа қазақтарының жыл сайынғы құрылтайы шеңберінде «Қазақ әйелдері» форумын ұйымдастыру, сондай-ақ Гранада қаласын Шымкент және Түркістан қалаларымен "Бауырлас" қала қатынасын орнату сияқты ұсыныстарын ортаға салды.

Кездесу соңында қатысушыларға Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұсынған қазақ тілін үйренуге арналған әдістемелік оқу құралдары табысталды.

Мадридте Испаниядағы қазақ мәдени бірлестіктерінің өкілдерімен кездесу өтті