«Отандастар қоры» КеАҚ пен Ханкук шет тілдер университетінің басшылары кездесті

07 Сәуір 2025

2025 жылғы 4 сәуірде Сеул қаласында «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Данияр Қадыров пен Ханкук шет тілдер университетінің проректоры Ким Ю-гёң мырза кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар мәдени байланыстарды нығайту бағытындағы бірлескен жобаларды талқылады. Данияр Қадыров Қоғам жүзеге асырып жатқан жобалар туралы ақпарат беріп, шетелдегі қазақ қауымдастықтарымен өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін көтерді.

Сондай-ақ, кездесуде 5-6 сәуір күндері өтетін Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қазақтарының II кіші Құрылтайы жайлы мәселелер жан-жақты қарастырылды. Бұл құрылтай шетелдегі қазақ диаспорасының өзекті мәселелерін шешуге бағытталған маңызды алаң болып табылады.

   


Кездесу барысында Данияр Қадыров университет өкілдеріне ЮНЕСКО мұрасына енген қазақтың домбырасы мен Ортеке аспабын және қазақ мәдениетін бейнелейтін “Шаңырақ” картинасын тарту етті. Бұл сыйлықтар қазақтың бай мәдени мұрасын насихаттауға және екіжақты достық байланысты нығайтуға бағытталған.

Ханкук шет тілдер университетінің проректоры Ким Ю-гёң мырза қазақ мәдениеті мен тілін зерттеуге қызығушылық танытып, өзара ынтымақтастықты нығайтуға дайын екендігін жеткізді.

Кездесу нәтижесінде тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту, қазақ мәдениетін танымал ету және қазақ диаспорасы өкілдерімен бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша ынтымақтастықты арттыруға келісті.

«Отандастар қоры» КеАҚ пен Ханкук шет тілдер университетінің басшылары кездесті