Түркиядан Қазақстанға: Хусейн Ертұғрулдың қазақ өнеріндегі жолы

Кеше

Түркияда туып-өсіп, қазақ тілін бес айда меңгеріп, қасиетті домбыраны жанына серік еткен Хусейн Ертұғрұл бүгінде Ыстамбұл төрінде қазақ өнерін дәріптеп жүр. «Отандастар қоры» КеАҚ-ның  қолдауымен шәкірт тәрбиелеп, жат елдегі қандастардың ұлттық кодын сақтауға атсалысып жүрген өнерпазбен сұхбаттасқан едік.

— Өзіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз.

— Менің атым Хусейн Ертұғрұл. 1993 жылы 1 қарашада Ыстамбұл қаласында дүниеге келдім. 2012 жылы Қазақстанға келіп, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы университетте білім алдым. Бұған дейін қазақ тілін білмейтінмін. Қазақстанда жүріп, небары 4–5 айдың ішінде үйреніп алдым.

Қазақ тілін меңгерген соң, қазақша ән айтып, Түркияда домбырамен беташар жасауды бастадым. Домбырамен көптеген сайыстарға қатысып, жүлделі орындар алдым. Домбыра тартып жүргеніме 15–16 жыл болды. Түркияда «Отандастар қоры» КеАҚ қолдауымен домбыра сабақтарын жүргізіп отырдық.

Түркістан: Рухани тамырмен қауышу

— Хусейн мырза, сіз 2012 жылы Түркістанға келіп, білім алдыңыз. Қазақстанға алғаш табан тірегендегі әсеріңіз қандай болды?

— 2012 жылы Түркістанға алғаш келгенімде, бұл өлке мені бірден баурап алды. Қадам басқан сәттен бастап өзімді бөтен елде жүргендей емес, баяғыдан таныс, жақын адамдардың ортасына оралғандай сезіндім. Өнерге деген құлшынысым дәл осы жерде оянды. Ежелгі мешіттер мен кесенелер, ерекше тыныштық, адамдардың жүзіндегі жылылық, сөзіндегі шынайылық пен қазақ дастарханының кеңдігі жүрегіме ерекше әсер етті. Әсіресе, күнделікті тұрмыстағы үлкенге - құрмет, кішіге ізет білдіру сияқты асыл қасиеттердің әлі де тірі екенін көру мені қатты қуантты.

— Сіз қазақ тілін небары 4-5 айдың ішінде еркін сөйлейтін деңгейде үйреніпсіз. Мұндай нәтиженің құпиясы неде?

— Қазақ тілін меңгеру жеңіл болмағанымен, үйрену үдерісі өте әсерлі, қызыққа толы болды. Мен тілді тек міндет ретінде емес, жүректен сүйіп, үлкен қызығушылықпен үйрендім. Қазақ тілі - өте бай, рухы биік тіл. Менің ойымша, дүниежүзіндегі әрбір қазақ өз тілінде сөйлеп, оны баптап отыруы тиіс. Тіл - тек қарым-қатынас құралы емес, ол біздің тарихымыз бен мәдениетіміздің тірі көрінісі.

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра»

— Домбыра тартып жүргеніңізге 15-16 жыл болыпты. Неліктен түріктің бағламасын емес, қазақтың қара домбырасын таңдадыңыз?

— Домбыраны алғаш қолыма алған сәт әлі де есімде. Сол сәттен бастап ол мен үшін қарапайым аспап емес, ұлттың жанын бейнелейтін қасиетті белгісіне айналды. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра» деген сөздің мәні терең. Домбыра - қазақтың тағдырын, қуанышы мен қайғысын сөзсіз-ақ жеткізе алатын, жаны бар аспап. Мысалы, мен Қазанғаптың «Көкіл» күйін ерекше жақсы көремін. Ондағы тереңдік пен сезім мені әрдайым толқытады.

— Түркияда «Беташар» салтын өткізіп жүрсіз. Түрік ағайындар мен ондағы қазақ диаспорасы бұл дәстүрді қалай қабылдайды?

— Түріктер үшін бұл - мүлдем жаңа, ерекше мәдени құбылыс, сондықтан олар үлкен қызығушылықпен қарайды. Ал қазақ диаспорасы үшін бұл - өз тамырымен қауышу, жүрекке жылу сыйлайтын сәт. Сол кезде өзімді екі халықтың арасындағы алтын көпірі секілді сезінемін.

— Қатысқан домбырада ойнау байқауларыңыздың ішінде ең маңыздысы қайсы?

— 2015 жылы Астана қаласында өткен дәстүрлі әндер мен термелер сайысында ІІ орын алдым. Бірақ мен үшін ең үлкен жеңіс – нақты жүлде емес, сахнаға шығып, домбыра арқылы тыңдаушының жүрегіне жеткен сәт.

Ұстаздық жол және «Отандастар қоры» 

—  «Отандастар қоры» КеАҚ-ның қолдауымен домбырадан сабақ беріп жүрдіңіз. Сабақ беру әдістемеңізде қандай ерекшеліктер бар?

— Менің шәкірттерімнің ішінде Түркияда туған қазақ балалары ғана емес, түрік, қырғыз, ұйғыр азаматтары да болды. 6-7 жасар балалардан бастап, 45 жастағы аға-әпкелерімізге дейін келіп үйренетін.  Мен тек дәстүрлі әдістермен шектелмеймін. Сабақта тек техниканы емес, алдымен домбыраға деген махаббатты оятуға тырысамын. Күйдің тарихын, аңыздарын әңгімелеп беремін. Практикалық жаттығулар, тыңдау, бірге ойнау – сабақтың әсерін күшейтеді. Ең бастысы – баланы қорқытпай, еркін орта қалыптастыру. Бұл мен үшін тек жұмыс емес, рухани миссия.

— Шетелде өскен балалар үшін домбыра үйренудің маңызы қандай?

— Басқа ортада өскен бала үшін домбыра - оның кім екенін еске салатын асыл мұра. Ол баланың ұлттық сана-сезімін қалыптастырады. Домбыраны қолына алған бала ата-баба аманатын сезіне бастайды.

Ұлттық тәрбие және руханият

— Домбыра ұлттық сана қалыптастыруда қандай рөл атқарады?

— Домбыра – тек аспап емес, ол баланы ұлттық рухпен тәрбиелейтін құдіретті құрал. Домбыраны ұстаған сәттен бастап бала ата-баба тарихымен, салт-дәстүрімен танысады. Күй арқылы өзінің кім екенін сезінеді.

— Шетелде өскен балалар үшін домбыраның маңызы қандай?

— Домбыра – туған жермен байланысты сақтайтын рухани көпір. Ол тілін де, мәдениетін де ұмыттырмайды.

— Ата-ананың қолдауы қаншалықты маңызды?

— Өте маңызды. Бала ұстаздан үйренеді, бірақ ата-ананың сенімі мен қолдауы оны алға жетелейді.

Мәдени көпір: Қазақстан - Түркия

— Қазақ және түрік музыкасының ұқсастығы қандай?

— Тамыры бір, рухы ортақ. Әуендерінде, ырғақтарында ұқсастық көп. Айырмашылығы – орындау дәстүрі мен аспаптық ерекшеліктерінде.

— Қазақ өнерін насихаттауда қандай қызықты сәттер болады?

— Түрік тыңдаушылары домбыраның үнін тыңдап, «Бұл аспаптың жаны бар екен» деп таңғалған сәттер ерекше әсер қалдырады. Сол кезде өнердің шекарасы жоқ екенін анық сезінесің.

Отбасы және құндылықтар

— Өзіңіз де отағасысыз, екі перзентіңіз бар. Үйде ұлттық тәрбие мәселесі қалай жолға қойылған?

— Иә, 2018 жылы отау құрдым. Қазір бір қызым мен бір ұлым бар. Отбасы - ең алғашқы мектеп. Біз үйде қазақша сөйлейміз, балаларым қазақ тілін біліп, салт-дәстүрімізді көріп өсіп келеді. Олардың да музыкаға ынтасы жоғары, домбыраның үніне құлақ түріп өсуі мен үшін өте маңызды.

Болашаққа жоспар

— Болашақта Қазақстанда өнер көрсету немесе бірлескен жобалар жасау жоспарыңызда бар ма?

— Әрине, мұндай жоспарлар мен армандар өте көп. Қазақстандық әртістермен бірлескен жобалар жасап, ортақ рухты паш еткім келеді. Сондай-ақ, болашақта қазақ балалары үшін арнайы домбыра лагерлерін ұйымдастыруды армандаймын.

— Қазақстанды көрмеген жанға елімізді үш сөзбен қалай сипаттар едіңіз?

— Егер Қазақстанды үш сөзбен сипаттасам: Кең дала. Терең тарих. Ата-баба аманаты.

Қорытынды

Жастарға айтарым: Өзіңе сен. Тамырыңды құрметте. Қателесуден қорықпа. Тіл мен өнер адамды тек қабілетті емес, мінезді де тәрбиелейді.

 

Әңгімелескен Қаржаубай Жанель