Қазақстан Президенті Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінің басында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Венгрия Премьер-Министрі Виктор Орбанға ризашылығын білдірді.
– Бүгінгі кездесу ерекше мәнге ие, себебі ол Еуропаның дәл жүрегінде өтіп отыр. Бұл – біздің мызғымас достығымыздың айқын дәлелі. Біз мемлекеттеріміздің бірлігін жүйелі түрде нығайтып, ортақ тарихи тамырларымызды, дәстүрлеріміз бен мәдени құндылықтарымызды сақтап келеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, «Шығыс пен Батыстың тоғысар тұсы» ұранымен өтіп жатқан форум түркі дүниесі елдерінің мүддесі мен стратегиялық мақсаттарына толықтай сай келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы ынтымақтастықтың өзекті әрі маңызды бола түскенін атап өтті.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанның аталған ұйым шеңберіндегі серіктестік байланыстарды дамыту бағытында қабылдаған нақты шараларын да тізбектеді.
– Атап айтқанда, Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі тағайындалды, жақын арада Тұрақты өкілдік ашу жоспарлануда; 11–12 маусым күндері Астанада Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының XIV пленарлық отырысы өтеді; биыл Ақтау қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды, осы мәртебелі миссия аясында нақты іс-шаралар іске асырылып жатыр; Қазақстанның бастамасымен өткен аптада сайлау органдарының Консультативтік алаңы құрылды, оның алғашқы отырысы көне Түркістан қаласында сәтті өтті; тараптардың келісімі бойынша 2024 жылдың маусым айынан бастап Алматы қаласы Түркі мемлекеттері ұйымының Жастар астанасы мәртебесіне ие болады. Осылайша, біз түркі бірлігін нығайту жолында белсенді жұмыс жүргізіп келеміз, – деді Қазақстан Президенті.
Бұған дейін хабарланғандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысу үшін Будапешттегі Várkert Bazár павильонына келген болатын.