Kazinform агенттігі Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлағандай, APLO-2025 Азия-Тынық мұхиты лингвистикалық олимпиадасы өз мәресіне жетті.
Аталған зияткерлік жарысқа Қытай, Аустралия, Гонконг, Жапония, Малайзия, Иран, Корея, Сингапур, Таиланд сияқты Азия-Тынық мұхиты өңірінің 12 елінен келген 500-ге жуық дарынды оқушы қатысты.
Олимпиада қорытындысында Маңғыстау облысындағы мамандандырылған IT-лицейдің 10-сынып оқушысы Рамазан Бутантаев жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы есепте абсолютті жеңімпаз атанды. Ол алтын медаль иеленіп, өңірдегі ең мықты қатысушылардан озып шықты.
Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте өз тарихындағы ең жоғары нәтижеге қол жеткізіп, 5 медаль мен 3 құрмет грамотасын жеңіп алды.
Медаль иегерлері:
Рамазан Бутантаев – 10-сынып, мамандандырылған IT-лицей, Маңғыстау облысы
Самир Сарбасов – 12-сынып, НЗМ, Астана қаласы
Тимур Кантаев – 11-сынып, «Арыстан» лицейі, NNEF филиалы, Алматы қаласы
Зере Серікова – 11-сынып, №9 «Зерде» мектебі, Астана қаласы
Темірлан Сейітбаттал – 11-сынып, БИЛ, Ақмола облысы
Құрмет грамоталарын иеленгендер:
Ислам Сипатталов – 10-сынып, БИЛ, Ақтөбе қаласы
Шыңғыс Қарасаев – 11-сынып, НЗМ, Орал қаласы
Арон Хасанов – 11-сынып, БИЛ, Атырау қаласы
Қазақстан құрамасының жаттықтырушысы – Аида Даулетова, халықаралық және республикалық деңгейдегі лингвистика мен география пәндері бойынша олимпиадалардың жеңімпазы, қазіргі таңда Эберхард Карлс Тюбинген университетінің 2-курс студенті.
Asia Pacific Linguistics Olympiad (APLO) — жоғары сынып оқушыларына арналған халықаралық лингвистикалық байқау болып табылады. Олимпиада Халықаралық лингвистикалық олимпиадаға (IOL) қатысуға мүмкіндік беріп, қатысушылардың логикалық ойлау қабілетін, тілдік интуициясын және мәдениетаралық құзыреттілігін дамытуды мақсат етеді. Бұл байқау оқушыларға халықаралық деңгейде өз білімдерін сынап, академиялық және кәсіби ортада танылуға жол ашады.