Үшінші елдерден электрондық сауда тауарларын әкелудің жаңа ережелері

03 Сәуір, 2024

Бүгінгі таңда Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) алаңында сыртқы электрондық сауданы реттеу бөлігінде Еуразиялық экономикалық одақтың 2023 жылғы 25 желтоқсандағы Кеден кодексіне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы іске асыруға бағытталған актілерді әзірлеу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 25 желтоқсанда Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің басшылары электрондық сауда тауарларын кедендік шекара арқылы өткізу мәселелерін кешенді реттеуге бағытталған ЕАЭО Кеден кодексіне түзетулерге қол қойды.

Атап айтқанда, электрондық сауда операторының институты енгізілді, кедендік декларация кезінде декларацияның жаңа түрін (электрондық сауда тауарларына арналған декларация) пайдалану, жеке тұлғаларға кедендік ("бондтық") қоймаларды пайдалана отырып, сыртқы электрондық сауда тауарларын өткізу мүмкіндігі, сондай-ақ кедендік төлемдерді қолдану ерекшеліктері көзделген.

Көрсетілген түзетулерді іске асыру үшін ЕЭК тараптардың уәкілетті органдарымен бірлесіп, электрондық сауда тауарларына арналған декларацияны толтыру нысаны мен тәртібін, электрондық сауда тауарларын бірдейлендіру тәртібін, электрондық сауда тауарларына қатысты кедендік баждың бірыңғай ставкасының мөлшерін, электрондық сауда операторының міндеттерін орындауды қамтамасыз етуді және басқаларын айқындайтын ЕЭК шешімдерінің жобаларын әзірлейді.

Бұл құжаттар ЕАЭО-ның 2023 жылғы 25 желтоқсандағы Кеден кодексіне өзгерістер енгізу туралы хаттаманың күшіне енуімен бір мезгілде қолданысқа енгізілуге тиіс. Қазіргі уақытта хаттама ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде ратификациялануда. Ол ағымдағы жылдың соңына дейін күшіне енеді деп күтілуде.

Жаңа реттеу қызметтің кәсібиленуін және соңғы тұтынушыға ыңғайлылықты қамтамасыз етуге көмектеседі. Сүйемелдеу жөніндегі барлық функцияларды, соның ішінде кеден органдары алдындағы жауапкершілікті жеткізу тізбегінің жаңа қатысушысы – электрондық сауда операторы өзіне алады. Хаттамада электрондық сауда операторы, кеден және сатып алушы арасындағы ынтымақтастық шеңбері анықталған. Бұл ретте азаматтардың тауарларды өз бетінше ресімдеу мүмкіндігі жоққа шығарылмайды.

 

gov.kz

Үшінші елдерден электрондық сауда тауарларын әкелудің жаңа ережелері