Қазақстан және Швеция: автокөлік өнеркәсібінің дамуы

15 Мамыр, 2024

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев а. ж. 13 мамырда шведтік «Scania AB» компаниясының вице-президенті Паскаль Заппонемен кездесу өткізді.

«Scania AB» – жүк көліктерінің, автобустардың, өнеркәсіптік және теңіз қозғалтқыштарының ірі өндірушісі. Сондай-ақ олар жүк, қалалық және қалааралық автобустардың әртүрлі үлгілерінде ұсынылатын үнемді және төмен көміртекті модельдер шығарады. Кәсіпорынның 2023 жылдан бастап Қазақстанда көлік техникасын, атап айтқанда швед маркалы жүк көліктерін шығару бойынша жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі бар.

Кездесу барысында Қазақстанда дизельдік генераторларды құрастыру және шығару мүмкіндіктері талқыланды. Екі тарап өндірістік қуаттарды кеңейту, сондай-ақ өнеркәсіптік әлеуетті нығайту бойынша бірлескен ынтымақтастыққа мүдделілік танытты.

Одан бөлек, келіссөздер барысында Қазақстанды «Scania AB» компаниясының Орталық Азиядағы қызмет орталығына айналдыру мәселесі көтерілді. Министр өз кезегінде шетелдік инвесторларды қолдау мен тартуға бағытталған инвестициялық преференциялар туралы айтты.

Сондай-ақ Қазақстанда Scania/Athena шағын қондырғысын (СKD) құрастыру жоспары да әңгіме барысында талқыланды. Мұндай кәсіпорынның құрылуы жаңа жұмыс орындарын ашып, көлік саласының технологиялық жаңаруына ықпал етеді.

Кездесу достық сарында өтті, тараптар ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсуге дайындығын білдірді.

 

gov.kz

Қазақстан және Швеция: автокөлік өнеркәсібінің дамуы