Satbayev University ғалымдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен және қол қойылған келісімшарт аясында Penn State-ке ғылыми тағылымдамадан өтуге барады. Шетелде оқып келгеннен кейін ғалымдар «3+1+1» бағдарламасы бойынша басым бағыттарда: геология, киберқауіпсіздік, мұнай машиналарын жасау және материалтану пәндері бойынша сабақ береді.
Тағылымдама мерзімі 12 ай, яғни 2024 жылдың 15 тамызынан 2025 жылдың 31 шілдесіне дейін. Бағдарлама аясында зертханалық сабақтар, курстар, практикумдар, семинарлар, конференцияларға қатысу, зерттеу жобаларын орындау, тәлімгерлік бағдарламалары, сондай-ақ далалық жұмыстарға қатысу мүмкіндіктері қарастырылған.
Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев ғалымдар мен студенттерге қолдау көрсетіп, сәттілік тіледі. Ол бағдарламаға қатысу мамандардың кәсіби өсуіне және Satbayev University ғылыми әлеуетін нығайтуға ықпал ететініне сенімді екенін жеткізді.
Бұл тағылымдама ғалымдардың білімдерін тереңдету, халықаралық әріптестермен тәжірибе алмасу және заманауи ғылыми дағдыларды дамыту үшін бірегей мүмкіндіктер береді.