Үрімжіден велосипедпен жолға шыққан қазақ қызы Астанаға жетті

14 Тамыз, 2024

 Қытайдың Үрімжі қаласынан велосипедпен жолға шыққан Бүрлен  есімді 20 жастағы қазақ қызы бүгін Астанаға жетіп, сапарын аяқтады, деп хабарлайды KAZINFORM тілшісі. 

Бүрлен Әділетқызы – Шыңжаң өлкесі, Дөрбілжін ауданының тумасы. Биыл жоғары оқу орнын бағдарлама жасақтаушы мамандығы бойынша тәмамдаған.

Ол Қазақстан – Қытай арасындағы ынтымақтастықты қолдау мақсатында сапарға шыққан. Қазақ қызы 2 мың шақырымынан астам жол жүріп, бүгін Елордаға жетті. Алыстан келген Бүрленді Елорда жұртшылығы, ерекше ықыласпен қарсы алып, шашу шашып, қымыз ұсынды. 
«Астанаға аман-есен жетіп, сіздерді көргеніме өте қуаныштымын. Қарсы алып жатқан ықыластарыңызға көп рахмет. Бұл сапарды көптен бері ойластырп жүр едім. Тәуекелге бел буып, 21 шілде Үрімжі қаласынан жолға шықтым. Басты мақсатым – екі елдің достығын насихаттау. Биыл «Бір белдеу, бір жол» жобасына 10 жыл толып отыр. Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим орнағаннан бері, саяхатшылардың саны артып келеді. Екі ел арасындағы достық нығая берсін деп тілеймін», - деді қазақ қызы.
Оның айтуынша, күннің ыстығы мен жолдағы кедергілер сапар кезінде қиындық тудырған. 

«Бұл – велосипедпен шыққан алғашқы саяхатым. Күніне 100-150 шақырым жол жүріп отырдым. Күннің ыстығы аздап қиындықтар тудырды. Қызуым көтеріліп, ауырған күндерім болды. Әуелде жуан дөңгелекті велосипедпен шыққанмын. Бірақ ол баяу жүретіндіктен жіңішке дөңгелекке ауыстырдым. Жолда тас, әйнек кіріп, доңғалағым жарылып, шынжырым істен шыққан кездер болды. Бәрін өзім жөндеп алдым. Таңғы бестерде шығып, түнде аялдап отырдым. 

Жолдағы қаңғыбас иттерден қашқан кездерім бар. Алдымнан кездескен адамдардың барлығы қолдау білдіріп, суын беріп, тамағымен бөлісіп, көмектерін көрсетіп жатыр. «Жол азабын жүрген біледі» демекші, бұл сапар қиындығы мен қызы мол, өмірімнің бір белесі ретінде естеқаларлық ерекше күнге айналары сөзсіз. Қазақтың кең даласын көріп, көркем табиғатына тәнті болдым», - дейді Бүрлен Әділетқызы.
Іс-шараға арнайы келген «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» Астана қалалық филиалының басшысы Ғалым Үлкенбайұлы, Бүрленді жеңісімен құттықтап, алғысхат және ақшалай сертификат табыстады. 


Автор

Ризабек Нүсіпбекұлы

kazinform.kz

Үрімжіден велосипедпен жолға шыққан қазақ қызы Астанаға жетті