Ұлттық ғылым академиясының жаңадан сайланған мүшелері ресми түрде таныстырылды

28 Тамыз, 2024

KAZINFORM – Алматыда Қазақстандағы ғылымның дамуына зор үлес қосқан Ұлттық ғылым академиясының жаңадан сайланған мүшелері ресми түрде таныстырылды.

«Ғылым ордасы» ғимаратында жаңадан сайланған академиктерге дипломдар мен төсбелгілерді тапсыру рәсімі өтті. ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, қазіргі әлемде өркендеу мен лайықты бәсекелесу үшін, ғылым прагматикалық және нәтижелі болуы керек. 
«Біздің миссиямыз – еліміздің жетекші ғалымдарын біріктіретін автономды, тәуелсіз және дәстүрлі бюрократиялық вертикальдан тыс, мемлекеттік саясат пен экономиканың неғұрлым өзекті мәселелерін шешуге үлес қоса алатын қазақстандық ғылымның дамуын қамтамасыз ететін ғылыми ұйым құру», – деді ол.

Мемлекеттік академияның ерекшелігі – ол академик атағы «мансап тәжін» білдіретін немесе зейнетке шығудың жайлы орны ретінде қарастырылып келген ерекше мәртебелі ұйым болмайды. 
«Біз оның құрамына қоғам қайраткерлерін, саясаткерлерді, мемлекеттік қызметкерлерді немесе табысты кәсіпкерлерді алмаймыз. Біздің міндетіміз – ғылымның тек белсенді көшбасшыларын, нағыз ғалымдарды, оның ішінде дарынды жастарды біріктіруді және олардың елімізге елеулі пайда әкелуіне мүмкіндіктер жасауды көздейміз», – деп атап өтті Күрішбаев.

Айтуынша, қолданыстағы заңда көрсетілгендей, академик атану – тек конкурс негізінде сайлау арқылы жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының толық мүшесі атағын иеленудің басқадай жолы заңда жоқ.

«Осы ретте, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының нақты мүшелерінің сандық құрамы көп болмайтынын атап өткім келеді. Әділ сайлау негізінде еліміздің ең лайықты, ең даңқты ғалымдары ғана академик болуы керек. Біз академиктер қатарын жасанды «өсіруге» тиісті емеспіз. Тіпті, дамыған озық елдердің өзінде ғылыми потенциалы жоғары болуына қарамастан, ұлттық академиялардың толық мүшелерінің саны шектеулі. Егер де біз, әлемде академиктер саны бойынша бірінші орынға шықсақ та, бұдан ғылымымыз өркендеп кетпейді», – деді ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті.

 

Автор

Алма Мұқанова

 

Анықтама:

Нәтижесінде ҰҒА құрамына ғылымда ерекше жетістіктері бар тоғыз ғалым енді:

Ахылбек Күрішбаев – «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы» АҚ басқарма президенті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор;

Асқар Жұмаділдаев – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы» АҚ вице-президенті, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор;

Дархан Біләлов – «Назарбаев Университеті» АҚ вице-президенті, PhD докторы;

Серік Ақшолақов – «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор;

Вячеслав Локшин – «Persona» халықаралық клиникалық репродуктология орталығының жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор;

Сұраған Дурвудхан – Назарбаев Университетінің доценті, PhD докторы, профессор 

Максим Здоровец – Ядролық физика институты Астана филиалының директоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор;

Тілекқабыл Рамазанов – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор;

Ерлан Тұруспеков – Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институты РМК молекулярлық генетика зертханасының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты, профессор.

 

Ұлттық ғылым академиясының жаңадан сайланған мүшелері ресми түрде таныстырылды