Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккендерге арналған тұрғын үй құрылысы 100% аяқталды

29 Тамыз, 2024

Бүгін Қостанай облысында қуанышты оқиға орын алды. Өңір  су тасқынынан зардап шеккен тұрғын үйлерді қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстарды алғашқылардың бірі болып аяқтады. Үйлері судан зардап шеккен аймақ тұрғындары баспанамен толық қамтамасыз етілді.

Биылғы көктемде алапат су тасқынынан зардап шеккен Жангелдин ауданының 19 тұрғыны жаңа үйдің кілтін иеленді. Амангелді ауданында да бүгін тағы 18 үйде қоныс тойы тойланбақ.

Қалпына келтіруге жарамсыз деп танылған үйлердің орнына рекордтық мерзімде типтік, іргелес жер учаскесі бар жаңа үйлер салынды. Ауыл тұрғындарына жаңа баспананың кілтін Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали мен «Қазақстан халқына» ҚҚ өкілі Шыңғыс Шарапиев табыстады. Қостанай облысының әкімдігі мен Қор арасындағы меморандум аясында өңірде Амангелді, Жангелдин және Қостанай аудандарында зардап шеккендерге арналған 89 жеке тұрғын үй құрылысы қаржыландырылды.

«Расын айтсам, құрылысшылардың суық түскенше үйлерді салып бітіретініне өз басым сенген жоқпын. Құрылыс жұмыстарының ауқымдығы сондай, ұшы-қиыры жоқтай көрінуші еді, - дейді Амангелді ауылының тұрғыны Жәнібек Кәрімжанов. - Тасқыннан қираған ескі саман үйдің орнына бізге жаңа, жылы, жарық, зәулім баспана берілді. Бұл үшін Қазақстан Президентіне де, облысымыз, ауданымыздың басшылығына да үлкен алғысымды білдіргім келеді. Өмір жалғасуда, дәлірек айтсам, өміріміздің жаңа, бақытты кезеңі ғана басталғандай....»

Амангелді ауданындағы Амантоғай, Байғабыл, Ағаштыкөл ауылдарының тұрғындары да қуанышты сәтті асыға күтіп, қызу дайындық үстінде. Онда су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 5 үйдің құрылысы аяқталды. Ертең сол жерде кілттерді салтанатты түрде табыстау рәсімі өтеді.

 Жангелдин ауданына қарасты Көлкамыс ауылының Әлімбаевтар отбасы да өздерінің қуаныштарын жасырмай, қиын сәтте теріс айналмай, қол ұшын созған барлық азаматтарға ризашылығын айтуда.

«Туған ауылымызда, жаңа, жайлы баспанада тұратын боламыз, - дейді Алпыс Әлімбаев. – Арманымыз орындалды, қуанышымыз шексіз. Су тасқыны ескі үйімізді түбімен шайып кетіп, қалпына келтіруге жарамсыз деп танылды. Басымызға түскен  сынақты жеңуге күш берген, қамқорлық танытқан барша қазақ еліне ризашылығымды білдіремін».

Бұл ауылдардың облыс орталығынан қашықтығына қарамастан, құрылыс жұмыстары рекордтық мерзімде аяқталды. Мәселен, Амангелді ауылы Қостанай қаласынан 420 км, ал Жангелдин ауданының Көлкамыс ауылы облыс орталығынан 640 км қашықтықта орналасқан. Мұндай қашықтық құрылыс материалдары мен қажетті техниканы жеткізуде үлкен қиындықтар туғызары сөзсіз, алайда соған қарамастан үйлер салынып, тұрғындар қара суық басталғанша үйлеріне қоныстанып үлгерді.

«Қостанай облысында су тасқыны кезінде барлығы 1283 үй зардап шекті, олардың үштен бірі қалпына келтіруге жарамсыз деп танылды. Бүгінгі таңда 315 пәтер сатып алынды, бұл қажетті санның 100% құрайды. Су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 153 жаңа үйдің құрылысы толығымен аяқталды», - деді Ринат Мұхаметқали.

Айта кетсек, Арқалық қаласында 50 пәтерлі бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы қысқа мерзімде аяқталған. Үй жайлылық класындағы тұрғын үйдің елордалық аналогтарынан кем түспейді. «Ақылды» көпқабатты үй бейне домофондармен жабдықталған. Тұрғындар жаңа пәтерлеріне қоныстануға жақын, құрылыс компаниясы оларға жағымды бонус ретінде өз қаражаты есебінен ас үй жиһазын сыйға тартпақ.

Елімізде осы бір қиын-қыстау сәттерде «Қазақстан халқына» қоры құрылды. Қостанай облысының әкімдігі мен қор арасындағы меморандум аясында зардап шеккендерге арналған 89 жеке тұрғын үйдің құрылысы қаржыландырылды.

«Қордың, құрылысшылардың, әкімдіктің және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының арқасында тұрғызылған мына мықты үйлерге қарап, қоныстанушылармен бірге қуанып жатырмыз. Бұл жаңа үйлер адамдарды бақытқа кенелтіп қана қоймай, шалғай ауылдардың шырайын арттырды – дейді «Қазақстан халқына» ҚҚ өкілі Шыңғыс Шарапиев.

Бұл жерде, Мемлекет басшысының көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерді баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын тез әрі сапалы орындауға мүмкіндік берген жергілікті атқарушы органдардың, халықтың және барлық мүдделі құрылымдардың ортақ, үйлесімді жұмысы екені сөзсіз.

 

gov.kz

Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккендерге арналған тұрғын үй құрылысы 100% аяқталды