Мемлекет басшысы мәслихаттар депутаттарының II республикалық форумында сөз сөйледі

03 Қазан, 2024

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде мәслихаттың мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы екенін атап өтіп, 2022 жылы референдум арқылы Конституцияға маңызды өзгерістер енгізілгеніне, соның нәтижесінде Парламенттің рөлі айтарлықтай күшейгеніне, жалпы билік институттарының жұмысын жетілдіру үшін нақты шаралар қабылданғанына назар аударды.
Президент депутаттардың өкілді билік функциясын халықтың сеніміне сай жоғары деңгейде атқаруына қажет бірнеше мәселеге тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ең бірінші кезекте, мәслихат депутаттарының біліктілік деңгейін жоспарлы түрде арттыру керек деп санайды.
Мемлекет басшысының пікірінше, мәслихаттардың жергілікті экономикалық саясатқа ықпалын арттыра түсу мәселесіне айрықша мән берген жөн.

– Қазір жаңа Бюджет және Салық кодекстері әзірленіп жатыр. Онда жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты реформаның ерекшеліктері ескерілуге тиіс. Үкімет ауыл әкімдерінің бюджетін қалыптастыру және оны жұмсау тәсілдерін қайта қарауы керек. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қаржылық дербестігін арттыру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуі қажет. Кодекс жобаларын талқылауға мәслихаттар белсене қатысқаны жөн. Жергілікті бюджет қаржысының дұрыс әрі тиімді бөлінуі өте маңызды. Депутаттар бұл мәселеге зор жауапкершілікпен қарауға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, Президент саяси партиялардың қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобалары мен бастамаларына тоқталып, көктемгі алапат су тасқыны кезінде бекем бірліктің үлгісін көрсеткен партиялардың, өзін-өзі ұсынған депутаттардың азаматтық белсенділігіне оң баға берді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ауыл, аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау жүйесі елімізде жаңа саяси ахуалдың қалыптасуына жол ашқанын атап өтті.

– Жергілікті атқарушы билікке жаңа буын өкілдері көптеп келе бастады. Кәсіпкерлердің, қоғамдағы белсенді азаматтардың, жастардың арасынан шыққан әкімдер аз емес. Қазір олар ел басқару ісін үйреніп, тәжірибе жинап жатыр. Жедел шешім қабылдап, жұмысты дер кезінде ұйымдастыруға бейімделіп келеді. Бұл қыста жылу-энергетика саласында күрделі жағдай болған кезде анық байқалды. Көктемдегі тасқын да кімнің қолынан іс келетінін нақты көрсетті. Шаруаға ширақ әрі елге жанашыр азаматтардың әкім болғаны дұрыс. Оларға жан-жақты қолдау көрсету керек. Әсіресе, мәслихат депутаттары мен әкімдердің бірлесе жұмыс істегені жөн. Өйткені оларды мемлекеттің жергілікті жердегі қос тірегі деуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бірнеше күннен кейін өтетін жалпыұлттық референдумның маңызына тоқталып, оған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі деп баға берді. 
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, демократия үздіксіз жүретін үдеріс екеніне айрықша назар аударды. Президенттің пікірінше, әлемдегі кез келген табысты демократиялық қоғам айналасына бей-жай қарамайтын азаматтардың арқасында ғана дамиды, өміршең болады.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев келер ұрпаққа қажетті жағдай жасау ортақ парызымыз екеніне назар аударып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау, олардың жан-жақты дамыту мемлекеттік саясаттың ең басты басымдығы болып қала беретінін жеткізді.

Сонымен қатар Президент бақытты балалықтың негізі отбасы институты екеніне тоқталып, ата-аналарды тәрбие мәселесіне салғырт қарамауға шақырды. Әсіресе, ұрпақтың цифрлық дүниелерге тәуелді болуы мен виртуалды әлемге шектен тыс құмартуы нағыз дертке айналып бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, керісінше, оларға ел ішіндегі шынайы қаһармандарды насихаттау қажет екенін айтты.

 

akorda.kz

Мемлекет басшысы мәслихаттар депутаттарының II республикалық форумында сөз сөйледі