2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржыны әлемдегі ең беделді жеті пәндік олимпиададан 26 медальмен толықты. Бұл олимпиадалар – математика (IMO), физика (IPhO), биология (IBO), лингвистика (IOL), химия (IChO), география (IGeO) және информатика (IOI).
Бүгінде Қазақстан – олимпиада жеңімпаздарын ынталандыру тәжірибесі бар санаулы елдердің бірі. Мемлекет жас ұрпақтың толыққанды өзін-өзі дамытуына, әсіресе білім мен ғылым саласында, барлық қажетті жағдайларды жасауда.
Президенттің бастамасымен 2022 жылдан бастап халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен олардың ұстаздарына ақшалай сыйақы тағайындалды. 2024 жылы осы мақсатқа 26 оқушыға 77,5 млн теңге, 24 педагогке 6,4 млн теңге бөлінді. Олимпиаданың алтын медаль иегерлері 1500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), күміс жүлдегерлер – 1000 АЕК, қола жүлдегерлер – 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы алады.
Сонымен қатар, халықаралық олимпиадаларда жеңіске жеткен оқушылар Қазақстанның кез келген жоғары оқу орнына білім гранты негізінде оқуға түсу мүмкіндігіне ие.