Қасым-Жомарт Тоқаев Мариус Визерге дзюдоны дамытуға және насихаттауға үлес қосқаны үшін ризашылық білдірді. Президенттің айтуынша, Қазақстанда спорттың осы түріне қызығушылық зор. Әсіресе, балалар мен жастар арасында танымалдылыққа ие.
Өз кезегінде Мариус Визер Қазақстанда дзюдоны дамытуға қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
Ол Астанада Халықаралық дзюдо федерациясының ұйытқы болуымен IJF академиясын ашу жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл аймақтағы жоғары санатты жаттықтырушылар мен төрешілерді даярлайтын орталықтардың бірі болмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мариус Визер Қазақстанның Халықаралық дзюдо федерациясымен ұзақмерзімді ынтымақтастығының перспективасы жөнінде пікір алмасты. Бұдан бөлек, 2027 жылы елімізде өтетін дзюдодан Әлем чемпионатына дайындық мәселелерін пысықтады.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қазақстанда дзюдоны ілгерілетуге қосқан үлесі үшін Мариус Визерді ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.