Мәдениет және ақпарат министрлігінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының Орталық Азиядағы, Ауғанстандағы, Ирандағы және Пәкістандағы (UNODC) аймақтық кеңсесінің директорымен кездесу өтті. Тараптар жастар арасындағы қылмыстың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау саласындағы әлеуетті ынтымақтастықты талқылады.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов жоғарыда аталған бағыттар күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің қатарында екенін баса айтты. Ол Қазақстанда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес табысты жұмыс істеп жатқанын, Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатқанын айтты. Ведомствоаралық кешенді жұмыстар да жүргізілуде.
«ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мұрындық болуымен нашақорлық пен есірткі бизнесіне, сондай-ақ заңсыз ойын және құмар ойындарға тәуелділікке қарсы күрес бойынша кешенді жоспарлар әзірленді.
Жалпы, біздің барлық жұмысымыз «жастар үшін» емес, «жастармен» жұмыс істеу принципіне негізделген. Яғни, жұмыстың басымдықтарын және шешімін талап ететін проблемалық мәселелерді жастардың өздері анықтайды», - деп атап өтті Евгений Кочетов.
Өз кезегінде ЮНОДК аймақтық кеңсесінің директоры Оливер Столпе жастармен жұмыс істеуге бағытталған курстармен таныстырды. Соның бірі – білім беру мекемелеріне арналған «Өмірге кірісу» бағдарламасы спорт арқылы жастарға пайдалы физикалық және психологиялық дағдыларды меңгеруге көмектеседі. Сондай-ақ Оливер Столпе кеңейтілген брифинг өткізуді ұсынды, онда сарапшылар ведомствоның бастамалары мен жұмысының нәтижелері туралы толығырақ әңгімелейді.