Қазақстан жоғары білім мен ғылым саласындағы халықаралық ықпалдастықты кеңейтуде

Кеше

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру, ғылыми әлеуетті нығайту және халықаралық әріптестікті кеңейту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Бұл жұмыс жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырылуда.

2019–2026 жылдары 655,7 мың мемлекеттік білім беру гранты бөлінді. Студенттердің стипендиясы 2,5 есе ұлғайды. 72 125 орынға арналған 281 жаңа студенттік жатақхана пайдалануға берілді.

Елімізде шетелдік университеттердің 33 филиалы жұмыс істейді. Оларда 144 білім беру бағдарламасы бойынша 12 мыңнан астам студент білім алуда. Қазақстандық төрт жоғары оқу орны шетелде филиалдарын ашты. Қазақстанда жалпы 92 елден келген 41 мыңға жуық шетелдік студент оқиды.

Қазақстандық университеттердің халықаралық рейтингтердегі орны нығаюда. QS World University Rankings 2027 рейтингіне 18 қазақстандық жоғары оқу орны, QS Asia University Rankings 2027 рейтингіне 51 университет енді. Оның ішінде үш университет Азияның үздік жүздігіне кірді. Times Higher Education World University Rankings 2027 рейтингінде Қазақстанның 10 жоғары оқу орны ұсынылған.

Ғылымға салынатын инвестиция көлемі үш еседен астам өсті. Жас ғалымдар саны 6 227-ден 14 423-ке дейін артып, 2,3 есе көбейді. 813 жас ғалым баспаналы болды. Жаһандық инновациялар индексінде Қазақстан 2026 жылы сегіз сатыға көтеріліп, 139 экономиканың арасында 73-орынға ие болды.

Ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізу бағытындағы жұмыс кеңеюде. Satbayev University технологиясы бойынша алынған тазалығы 99,5% селен экспортқа шығарылуда. Жетісу университетінде жылына бидайдың алты ұрпағына дейін өсіруге мүмкіндік беретін технология қолданылуда. Алматыдағы Ядролық физика институтында Орталық Азиядағы алғашқы SMR-300 шағын модульдік реакторының симуляторы іске қосылды.

AI-Sana бағдарламасы аясында 706 мың сертификат алынып, жасанды интеллект негізінде 515 шешім әзірленді. Бұл бастамалар білім, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға және ғылыми әзірлемелерді практикалық қолданысқа енгізуге бағытталған.

Қазақстан жоғары білім мен ғылым саласындағы халықаралық ықпалдастықты кеңейтуде