Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасында бірінші болып білім беру саласына ChatGPT Edu құралын енгізуде

Кеше

OpenAI компаниясы жаһандық OpenAI for Countries бағдарламасы аясында Edu for Countries бастамасының алғашқы халықаралық когортасы іске қосылғанын жариялады, деп хабарлайды Kazinform ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап. Қатысушы елдердің алғашқы толқынына Эстония, Сингапур, Біріккен Араб Әмірліктері, Иордания, Грекия және Қазақстан енді.

Қазақстанның аталған бастамаға қосылуы ұлттық білім беру жүйесіне жасанды интеллектінің мамандандырылған білім беру нұсқасы — ChatGPT Edu-ды жүйелі түрде енгізудің басталғанын білдіреді. Қазақстан бұл халықаралық бағдарламаға мүше болған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет атанды.

— Edu for Countries бастамасына қатысу елдің білім беру саясаты үшін стратегиялық маңызға ие. Жасанды интеллектінің оқу процесіне әсері туралы жаһандық пікірталастар жағдайында Қазақстан «ЖИ мұғалімді алмастырмайды, оның кәсіби мүмкіндіктерін арттырады» деген ұстанымды басшылыққа алады. ChatGPT Edu-ды пайдалану педагогтарға түсетін әкімшілік және әдістемелік жүктемені азайтуға, сондай-ақ неғұрлым сапалы әрі дербестендірілген оқыту үшін жағдай жасауға бағытталған, — деп атап өтті ведомстводан.

Жоба Мемлекет басшысының Америка Құрама Штаттарына сапары барысында 2025 жылғы 6 қарашада қол қойылған Ынтымақтастық туралы меморандум қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде жүзеге асырылуда. Негізгі келісімшарт OpenAI, Inc., Freedom Holding Corp. және өңірлік серіктес Bilim Group арасында жасалды. Жоба мемлекеттік бюджетті немесе сыртқы гранттарды тартпастан, жеке қаражат есебінен іске асырылуда, бұл бизнес-қоғамдастық тарапынан көрсетілген айтарлықтай қолдауды айғақтайды.

— Қазақстанның Edu for Countries алғашқы халықаралық когортасына қосылуы Жасанды интеллект және цифрландыру жылында орын алып отыр және бұл біздің жасанды интеллектіні негізгі салаларға енгізудегі жүйелі тәсілімізді көрсетеді. Біз ChatGPT Edu-ды педагогтарды қолдаудың және зерттеу ортасын дамытудың практикалық құралы ретінде қарастырамыз. Бағдарлама ұлттық білім беру стандарттарын, қауіпсіздік талаптарын және тең қолжетімділік қағидатын ескере отырып жүзеге асырылады, — деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ЖИ және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасында бірінші болып білім беру саласына ChatGPT Edu құралын енгізуде