Астана. 1 қараша. ҚазТАГ – Қазақстан құрамасы Бахрейнде өткен үшінші жастар Азия ойындарының жалпыкомандалық есебінде үшінші орын алды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитетінің (ҰОК) баспасөз қызметі.
«Қазақстан құрамасы 22–31 қазан аралығында Бахрейннің Манама қаласында өткен үшінші жастар Азия ойындарындағы өнерін аяқтады. Жарыс қорытындысы бойынша біздің команда жалпыкомандалық есепте үшінші орын иеленіп, барлығы 93 медаль жеңіп алды. Олардың ішінде 24 алтын, 29 күміс және 40 қола медаль бар. Бірінші орынды 147 медальмен (63 алтын, 49 күміс және 35 қола) Қытай иеленсе, екінші орынға 81 медаль (37 алтын, 16 күміс және 28 қола) еншілеген Өзбекстан орналасты», – делінген ҰОК хабарламасында.
Қазақстандық спортшылар 20-дан астам спорт түрі бойынша бақ сынады. Олар жүлделі орындарға ие болып қана қоймай, бірнеше жаңа рекорд орнатты.
«Ауыр атлет Әлихан Әскербай бірқатар үздік нәтижелерді жаңартты. Ол «жұлқа көтеру» және «серпе көтеру» жаттығуларында жастар арасындағы әлемдік, азиялық және Азия ойындарының рекордтарын жаңартты. Сондай-ақ жеңіл атлет Максим Сажнев, жүзуші Александр Румынский және ауыр атлет Нұржан Жұмабай жастар Азия ойындарының рекордтарын жаңартты. Ең көп алтын медаль – бес жүлдені боксшылар жеңіп алды. Дзюдошылар төрт алтын, ауыр атлеттер үш алтын медаль иеленді. Қазақстан құрамасы жалпы медаль саны бойынша өз рекордын жаңартты. 2009 жылы Сингапурде өткен жастар Азия ойындарында ел қоржынында небәрі 14 медаль (4 алтын, 6 күміс және 4 қола) болып, медальдық есепте 8-орынға ие болған еді. 2013 жылы Қытайдың Нанкин қаласында өткен жастар Азия ойындарында қазақстандық спортшылар 13 медаль (1 алтын, 4 күміс және 8 қола) жеңіп алып, 13-орынды иеленген болатын», – деп атап өтті ҰОК.