Қазақстан мен Қырғызстанның ірі медиақұрылымдары ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

22 Тамыз 2025

2025 жылғы 22 тамызда Бішкекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына ресми сапары аясында Президенттің Телерадиокешені мен Қырғыз Республикасының Ұлттық телерадиохабар тарату корпорациясы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды, деп хабарлайды KazInform агенттігінің меншікті тілшісі. Қол қою рәсімі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың қатысуымен «Ынтымак Ордо» резиденциясында өтті. Құжатқа Президент Телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева және Қырғыз Республикасының Ұлттық телерадиокорпорациясының бас директоры Болотбек Тиллебаев қол қойды.

Келісім аясында ынтымақтастықтың кең ауқымды бағыттары көзделген: медиаконтент пен тәжірибе алмасу, сондай-ақ екі медиахолдингтің бірлескен креативті жобаларын іске асыру. Ынтымақтастықтың маңызды бөлігі Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің құрамына кіретін Silk Way телеарнасымен серіктестікті дамыту болмақ. Аталған телеарна Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанның медиа ұйымдары ұсынған контентті қазірдің өзінде таратып келеді.

Еске сала кетейік, Қазақстан Президентінің Қырғызстанға сапары «Ата-Бейіт» тарихи-мемориалдық кешенін аралаудан басталды. Бағдарлама барысында мемлекет басшылары шағын құрамдағы келіссөздер өткізіп, Жоғары мемлекетаралық кеңестің жетінші отырысына қатысты.

Қазақстан мен Қырғызстанның ірі медиақұрылымдары ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды