Чолпон-Атада Садыр Жапаров Мұрат Нұртілеумен кездесті

01 Тамыз 2025

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қырғыз тараптың шақыруымен Қырғыз Республикасына ресми сапармен келді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Қырғызстан Президентінің баспасөз қызметінің мәліметінше, сапар аясында Чолпон-Ата қаласында Мұрат Нұртілеу Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен кездесті. Кездесуде қазақстан-қырғыз екіжақты ынтымақтастығының өзекті мәселелері, соның ішінде елдер арасындағы басым жобаларды жүзеге асыру жайы, атап айтқанда, Қамбар-Ата СЭС-1 құрылысы талқыланды.

Мұрат Нұртілеу Садыр Жапаровқа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін және ізгі тілектерін жеткізді. Сондай-ақ мемлекет басшылары қойған міндеттерді орындау үшін барлық күш-жігерін жұмсауға дайын екенін растады.

Қырғызстан Президенті барлық деңгейде саяси диалогтың қарқынды тереңдеп келе жатқанын атап өтті. Бұл өз кезегінде мемлекетаралық қатынастардың дәйекті түрде кеңеюіне және олардың мазмұнын нақты істермен толықтыруға ықпал етеді. Садыр Жапаров сондай-ақ Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы басшысының ресми сапары бауырлас қатынастарды одан әрі нығайтуға маңызды серпін беріп, Қазақстан Президентінің Қырғызстанға алдағы ресми сапарына дайындық аясында ерекше мәнге ие болатынына сенім білдірді.

Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл Қырғызстанға сапармен баратыны хабарланған болатын.

Чолпон-Атада Садыр Жапаров Мұрат Нұртілеумен кездесті