Қазақстандықтар Ираннан Түрікменстан арқылы эвакуациялануда: СІМ ресми мәлімдеме жасады

16 Маусым 2025

Түрікменстанның Сыртқы істер министрлігі Ираннан шыққан қазақстандықтарға гуманитарлық көмек көрсетілгенін хабарлады, деп жазады NUR.KZ.

Түрікменстан СІМ-нің мәлімдемесінде айтылғандай, Таяу Шығыста қалыптасқан жағдайға байланысты ел аумағы шетелдік дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ қазіргі уақытта Иран аумағында жүрген өзге азаматтар үшін шығуға мүмкіндік ретінде ұсынылған.

«Бүгінгі күнге дейін Түрікменстанның мемлекеттік шекарасын бақылау-өткізу бекеттері арқылы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Румыния және басқа да елдердің шамамен 120 азаматы кесіп өтті.

Келгендерге автокөлік, тамақ, қонақүй, бірінші кезектегі қажетті заттар ұсынылды. Түрікменстанның тиісті мемлекеттік органдары шетелдік мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерімен және халықаралық ұйымдармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуде», – делінген хабарламада.

Бұған дейін Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты отандастардың елге оралу мәселесіне қатысты үндеу жасаған болатын. Ал бірнеше күн бұрын алты қазақстандық Ираннан Әзербайжан арқылы эвакуацияланғаны белгілі болды.

Бұдан бөлек, Таяу Шығыста әскери іс-қимылдардың басталуына байланысты Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан мемлекеттерінің әуе кеңістігі үстінен, ішінде және маңында әуе рейстерін орындауға тыйым салған болатын.

Өткен аптада ҚР Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы әскери шиеленіске байланысты өз алаңдаушылығын білдірді.

Қазақстан Республикасының Израильдегі елшілігі қазіргі уақытта аталған елде жүрген азаматтарға үндеу жасап, тыл қолбасшылығының нұсқауларын қатаң сақтауға, қауіпсіздік шараларын күшейтуге, қырағылық пен сақтық танытуға және соңғы жаңалықтар мен ресми ақпараттарды мұқият бақылауға шақырды.

Қазақстандықтар Ираннан Түрікменстан арқылы эвакуациялануда: СІМ ресми мәлімдеме жасады