РЕСПУБЛИКА КҮНІ МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ ИРАНДАҒЫ ҚАНДАСТАРМЕН ҚАУЫШУ

25 Қазан, 2022

«Отандастар Қоры» КеАҚ өкілі 21-24 қазанда Иран еліндегі этникалық қазақтар қалың шоғырланған Гүлстан провинциясындағы Горган, Гонбад, Бендер-Түркмен қалаларына іссапармен барды.

Алыстағы ағайынды аңсап, атажұрттың саумал сағынышын ала барған сапардың алғашқы күні Горган маңындағы Гонбад-Кавус қаласында тұратын қандастармен қауышудан басталды. Провинция орталығындағы қазақ мешіттерінде де кездесулер өтті. Басқосу барысында Қоғам Президентінің кеңесшісі Қалыбек Қобландин «Отандастар қорының» мақсат-міндеттері мен басым бағыттары, атқарылған жұмыстар мен алдағы іс-жоспары, сонымен қатар Жаңа Қазақстандағы жаңашыл қадамдар мен тың  реформалар, алдағы Президент сайлауы туралы ақпараттар айтылып, көші-қон және виза мәселелері жөнінде көптің көкейіндегі сұрақтарға жауап берді.   

Кездесу аясында «Отандастар қоры» атынан Абай мәдени-әдеби орталығына қазақтың қасиетті саз аспабы - 5 домбыра және 10 данадан астам ұлттық киімдер табыс етілді.     

Бас консул Ербол Ахметов жергілікті қазақ тілінің мұғалімі Қазақ Асқарға, журналист Шадкам Жапарбайға ұлттық құндылықтарды ұлықтау, ана тілін ұмытпау бағытында атқарған елеулі еңбектері үшін риясыз ризалық білдіріп, алыстағы ағайын мен атажұрт арасына арқау болған «Отандастар қорына» және оның басшысы Абзал Сапарбекұлына арнайы алғыс айтты. Қуана қауышқан қандастар қауымын тарихи Отанындағы бірегей мейрам - Республика күнімен құттықтады. Келелі кеңес құрған кездесу соңы әсем әнге ұласып, домбырашы Мақса Бегдерқызы әуелете ән шырқады, шалқыта күй тартты.   

Сонымен қатар Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Горгандағы өкілі З.Амиршахимен және Гүлстан аймағы басшысының орынбасары Ф.Самиимен кездесу өтті. Әңгіме барысында тараптар екі ел арасындағы мәдени-рухани байланыстардың маңыздылығына тоқталды.   
Иран билік өкілдері жалпы, Ирандағы қазақтардың ынтымағы жарасқан, ауызбіршілігі бекем, сөзге берік, өзіндік ұлттық ерекшелігі мол, бірегей халық екеніне ерекше назар аударып, қазақ мәдени орталығының ашылуына қолдау көрсететіндерін жеткізді. «Бармасаң, келмесең, жат боласың» деген қазақы қағидаға сай шеттегі қандастармен қауышып, алыстағы ағайынның амандығын ойлаған «Отандастар Қоры» осылайша иман ұйыған Иран мен жаңғырған Жаңа Қазақстанның арасын жақындатып қайтты.

РЕСПУБЛИКА КҮНІ МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ ИРАНДАҒЫ ҚАНДАСТАРМЕН ҚАУЫШУ