Ұлттық спортты шетелдегі кандастарымызда қолдайды

30 Тамыз, 2023

2023 жылғы 29 тамызда Қазмедиа орталығында Ұлттық спорт қауымдастығы - Президенті Исламбек Төлебайұлы Салжанов, Бас редакторлар клубы – Президенті Бибігүл Нұрғалиқызы Жексенбай және Ұлттық медиа қауымдастығы – Төрағасы Кемелбек Бақтығұлұлы Ойшыбаев медиа-менеджерлермен және журналистермен кездесу өткізді.

Аталмыш кездесуге «Отaндaстaр қоры» жанынан құрылған Шетелдегі қазақ тілді БАҚ ассоциациясының Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, Түркиядағы БАҚ басшылары да қатысты.

Кездесу барысында қауымдастықтың бір жылдық жұмыс нәтижесі, ұлттық спорттағы өзекті мәселелер мен алдағы жоспарлар талқыланды. Сонымен қатар Ұлттық спорт қауымдастығы V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары қарсаңында «ALAMAN» медиа байқауын жариялады.

Бұл байқауға отандық БАҚ-пен қатар шетелдегі қазақ тілді БАҚ өкілдері де қатысуға мүмкіндік алды.*

Баяндамашы 2024 жылы Қазақстанда өткізілетін V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына ерекше тоқталды.

«Көшпелі дала салтын ұлықтаған ел ретінде біз дүбірлі жарысты жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында. Көшпенділер ойындары жылдан-жылға қанатын кеңге жайып дамуда. Мәселен, 2014 жылы бұл жарысқа 19 мемлекеттен 583 спортшы қатысты. 2022 жылы Түркияда өткен ойындарға 102 мемлекеттен 3000 спортшы қатысты. Ал, келесі жылы елімізде өтетін шараға әлемнің 100-ден аса елінен 3000 - нан аса спортшы, 15 мыңға жуық шетелдік турист келеді деп жоспарлануда» - деді Исламбек Салжанов.

Осы жарысты ұйымдастыру арқылы Қазақ еліне өз мәдениеті мен тарихын, руханияты мен қолөнерін, салт-дәстүрі мен ұлттық болмысын бүкіл әлемге насихаттауға зор мүмкіндік туады.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы мен «Отaндaстaр қоры» ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойған. Мұндағы мақсат, шет елдерде тұрып жатқан кандастарымыздың арасында да ұлттық спортты дәріптеп, кең көлемде насихат жүргізу еді. Нәтижесінде АҚШ, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия елдерінде ұлттық спорт түрлерінен арнайы тегін курстар өткізіле бастады.

Сонымен қатар, биылдан бастап «Отaндaстaр қоры» шет елдерде өткізетін іс-шаралары шеңберінде арнайы жүлделерімен ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырды.

Ұлттық спортты шетелдегі кандастарымызда қолдайды