– Кандас студенттерді білім алу үшін елге тарту бағдарламасы 1994 жылдан бері жалғасып келе жатыр. Арнайы мемлекеттік орын бөлінген, бірақ оның нақты бір белгіленген саны болмаған. Бірақ 2017 жылы өткен құрылтайда шетелден келген кандастарымыз ұсыныс айтып, арнайы мемлекеттік гранттың шеңберіндегі квотадан бөлек, 4 пайыздық квота бөлінді. Мысалы, биыл 88 204 мемлекеттік грант бөлінсе, соның 4 пайызы, яғни, 3 528-і шетелдегі кандастарға беріліп отыр. Колледжге түсем деуші кандастарға да 4 пайыздық квота қарастырылған, бірақ оның нақты саны белгісіз. Бірақ әр жылы әртүрлі бөлінген екен. Мысалы, 2020 жылы – 539, 2021 жылы 156 бөлінген.
Бірақ бұл жердегі мәселе – біз осы квотаның қанша пайызын игеріп отырмыз? Бөлінген квотаның да төрт пайызын, екі мыңдайы ғана игеріледі. Биылғы көрсеткіш әлі белгісіз, себебі ҰБТ енді өтеді. Ал былтыр барлығы 73 мың грант бөлінген. Соның 4 пайызы – 2 920 кандастарға берілген, ал тестке қатысқандардың саны – 2 046. Соның ішінде грант иегері болғандар бар-жоғы 654 қана. Яғни, біз бөлінген гранттың тек қана 22,4 пайызын ғана игеріп отырмыз.
Енді мұның себептеріне келер болсақ, негізгі себеп біреу ғана. Кандастар біздің оқу бағдарламасымен таныс емес, көбінесе Қазақстан тарихынан өте алмай қалады. Себебі Қазақстан тарихының тесті түлектердің кем дегенде соңғы 5-6 жыл ішінде оқыған бағдарламасының негізінде әзірленеді. Шетелдерде бұл пән мүлдем оқытылмайды. Екіншіден, тестілеуге дайындық мерзімі де өте қысқа. Иә, бір жылдық foundation дайындығы бар. Бірақ бұл жерде де түсініксіз жайт көп. Мысалы, мемлекеттен 2 920 грант бөлінсе, Foundation-ге тек 1 300 адамға орын бөлеміз. Яғни, 1 300 адам ғана келіп арнайы дайындықтан өте алады. Бірақ foundation-ның өзінде тек 873 кандас оқыған. Олардың 68 пайызы грантқа түскен. Бірақ бәрібір, 33 пайызы түсе алмаған.
Бірінші кезекте тестілеуден неге өте алмады, олардың қаншасы foundation-де оқыды, қаншасы оқымады – терең зерттеу жүргізу керек. Бірақ негізгі проблема түсінікті. Осының бәрі 4 пайыздық квотаға қарастырылған қаражаттың игерілмеуіне себеп болады. Сондықтан тыңғылықты дайындау үшін бізге foundation уақытын ұзарту керек немесе басқа бір жолын қарастыру керек. Өйткені мемлекет бөліп отырған бюджеттің тек 67 пайызы игеріліп отыр.
ҰБТ-дан басқа бір емтихан түрлерін қарастыруды да ұсынып отырмыз. Жалпы, әлемдік тәжірибеде бір елге емтихансыз оқуға түсу практикасы бар. Ешқандай емтихан қабылдамайды, тек тілді білуі керек, өз аттестатымен келе береді. Бізде шетелдік стипендиялық бағдарламалар да бар, стипендиялық бағдарламаға жыл сайын 550-дей орын бөлінеді. Бұл жерде кандас па, жоқ па, маңызды емес, жалпы шетелдік ретінде қарайды. Сол бағдарлама аясында бакалавриатқа – 490, магистратураға – 50, докторантураға – 10 орын бөлінеді екен. Бұл бағдарлама бойынша емтихан тапсырудың қажеті жоқ. Ол жерде ешқандай Қазақстан тарихы сұралмайды. Сондықтан біз шетелдік кандастар үшін осындай арнайы стипендиялық бағдарлама әзірлеуді ұсынамыз. Яғни, кандастардың білімін әңгімелесу арқылы, мектептегі аттестаты арқылы бағалап, көбірек жастарды тарту керек. Бірақ олар келгенде міндетті түрде бір жыл дайындық курсынан өту керек, тілді меңгеріп, Қазақстан тарихын оқуы керек.
Немесе бізде «Серпін» деген бағдарлама болды, сол бағдарламаның аясында солтүстік аймақтарға оқуға түсетін кандастарды ҰБТ-сыз қабылдауға болады. Сонда жастардың көбірек солтүстікке келуіне ынталандыра аламыз. Одан бөлек, академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шетелде оқитын кандастарымызды елге тартуға болады. Оқуға келген кандастарға тегін әлеуметтік пакет, яғни, медициналық сақтандыру, жатақхана ұсыну да үлкен көмек болар еді.
Негізінде, мәселені шешу жолы өте көп. Бөлінген квотаны қандай жолмен игерсек те, игеруіміз керек. Мәселенің осылай жыл сайын жалғаса беруі дұрыс емес. Бұл нені көрсетеді? Бізде кандас жастарды елге тарту бойынша бір жүйелі жұмыс жоқ. Проблема бар, бірақ проблеманы шешу жолдары бойынша нақты жұмыс істеліп отырған жоқ деген сөз. Оқығысы келетіндер бар. Мысалы, біз Өзбекстанға барған кезде сауалнама жүргіздік. Сұрақ қойған он оқушының кем дегенде төртеуі Қазақстанда оқығысы келеді. 370 қазақ мектебі бар Өзбекстанда жыл сайын 10 мың түлек мектеп бітіреді. 10 мың түлектің кем дегенде 50 пайызы келіп оқыса, 5 мың жас келеді деген сөз. Моңғолияда 43 қазақ мектебі бар, олардан жыл сайын 2 мың түлек түлеп ұшады. Өткен жолы лагерьге келген балалардың көбісі де жоғары білімді Қазақстаннан алғысы келетінін айтты.
Шетелдегі кандастарымызды тартудың бір жолы – мектептердегі білім беру деңгейін көтеру үшін педагогтардың, сол жердегі мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру. Мысалы, Өзбекстандағы мектептерде ең басты проблема – физика, математика сияқты пәндерді қазақша оқытатын мұғалімдер жоқ. Немесе мұғалімдердің кәсіби деңгейі жоғары емес. Соларға арнайы семинарлар өткізіп, тестілеуге осылайша дайындауға болады, мынадай кітаптар бар деп бағыт-бағдар бере аламыз. Енді ол аса бір тосқауылы көп дүние емес деп ойлаймын. Сонымен қатар шетелдегі қазақ педагогтары қауымдастығын құруды ұсынамыз. Шетелде білім көрмелерін ұйымдастыру керек.
Шетелдегі кандастарымызды Қазақстанға оқуға тартудың түрлі жолдарын қарастырап, мәселені жүйелі түрде шешу керек. Кандастар өздері келеді деп қол қусырып отыра беруге болмайды.
Енді бір сұрақ туындауы мүмкін. Бұл бізге не береді? Бұл, біріншіден, біздің университеттердегі шетелдіктердің үлесін көбейту деген сөз. Екіншіден, оқуға түскен балалар елдеріне барған кезде Қазақстан туралы көбірек айтатын болады. Сосын, балалардың грантын мемлекет төлесе де, олардың басқа шығындары өз қалталарынан төленетінін де ұмытпау керек, қанша дегенмен, айналып келгенде мемлекеттің төлеген шығынының кем дегенде 30-40 пайызын өзінің отбасылық бюджетінен береді. Сосын гуманитарлық эффектісі де көп, туризмге оң әсер етеді. Жалпы, ең негізгі мақсат – жастарды көбірек тарту. Егер жастар келіп оқыса, келешекте олардың Қазақстанда қалу потенциалы жоғары болады. Бейімделіп кету ықтималдығы да жоғарылайды, менің ойымша, бұл да арнайы бір зерттеу жүргізу керек нәрсе. Мысалы, осы жерге келген кандастардың қанша пайызы Қазақстанда қалуды жоспарлап отыр? Және соған сәйкес, оқып жатқан кандас жастарға арнайы бағдарламалар жасалыну керек пе? Егер кандас жастардың кем дегенде елу пайызы осы жерде қалса, мұның өзі – үлкен көрсеткіш.