Бүгін, 2023 жылғы 17 тамызда, Алматы қаласында Көші-қон жөніндегі Халықаралық Ұйым – БҰҰ Қазақстан Республикасындағы Көші-қон Агенттігінің (IoM) ұйымдастыруымен «ҚР 2024-2028 жылдарға арналған қазақ диаспораларымен және шетелдерде тұратын бұрынғы отандастармен жұмыс жөніндегі Коммуникациялық стратегиясының» жобасын талқылауға арналған халықаралық қорытынды семинар-форумы басталды.
Екі күнге созылған шараға ҚР бірқатар мемлекеттік органдары, «Отандастар Қоры» КеАҚ, «Атамекен» ҰКП, Түркі Мемлекеттерінің Ұйымы (OTS) мен Әзірбайжан Республикасының Диаспорамен жұмыс жөніндегі мемлекеттік комитеті сынды халықаралық ұйымдар өкілдері мен Германия, Ресей, Грузия, Армения, Қырғызстан мемлекеттерінің делегаттары, диаспорология саласындағы бір топ ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
БҰҰ Көші-қон агенттігінің Қазақстандағы өкілдігі мен «Отандастар Қоры» КеАҚ бірлесе шетелдердегі этникалық қазақтар және бұрынғы отандастармен жұмыс жасаудың жаңа форматын қалыптастыруға бағытталған «Коммуникациялық стратегия» жобасын әзірледі. Бұл құжат елдің дамуына шетелдердегі отандастарды етене араластыра отырып, Қазақстанның инвестициялық, инновациялық, туристік, ғылыми әлеуетін арттыру, қазақ мәдениеті мен мемлекетінің позитивті брендін қалыптастыру мақсаттарын көздейді.
«Отандастар Қоры» Қоғамы мен Көші-қон жөніндегі Халықаралық Ұйым арасындағы әріптестік миграциялық және диаспоралық саясат аясындағы даму векторлары негізінде 2022 жылдан бері жемісті жұмыс атқарып келеді.
Былтыр аталаған ұйым «Коммуникациялық стратегия» жобасын талқылаудың алғашқы семинарының Астана қаласында өтуіне мұрындық болды. Сонымен қатар, «ҚР 2023-2027 жылдарға арналған миграциялық саясат» Концепциясының жасалуына ат салысып, халықаралық тәжірибе негізіндегі кәсіби әдістемелік қолдау көрсетті.
Жиын барысында сөз алған «Отандастар қоры» қоғамының басшысы Абзал Сапарбекұлы Қоғамның жұмыс бағыттары мен жобалары туралы баяндады. Сонымен қатар, өз баяндамасында : «Аталған коммуникациялық стратегияның қабылдануы қазақ диаспорасы және бұрынғы отандастармен өзара іс-қимылдың жаңаша бағытта дамып, оларды Қазақстанның инвестициялық және туристік әлеуетін арттыруға тартуды ынталандырдың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады»,-деген ойын жеткізді.
ҚР Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» шет елдердегі қазақ диаспорасымен және отандастармен байланыс орнатып, олардың Атажұртпен арадағы қарым-қатынасына дәнекер болу, ұлттық болмысы мен бірегейлігін сақтауына қолдау көрсету және әлеуетін ел дамуына жұмылдыру мақсатында ауқымды жұмыстарды атқарып келеді. Көші-қон мәселесі төңірегінде Қоғам БҰҰ жанындағы Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйыммен және Қазақстан Республикасындағы көші-қон агенттігімен тығыз ынтымақтастық орнатқан.
Бүгінгі жиында ұсынылып отырған Коммуникациялық стратегияның негізгі мақсаты – шет елдердегі қазақ диаспорасымен және отандастарымызбен тиімді диалог орнату, оның басты принциптерін белгілеу және олардың әлеуетін қазақстанның дамуына жұмылдыру.