Азаттық деген асыл сөз. Тәуелсіздік деген тәтті ұғым. Бұл – кешегі ел үшін егеулі найза қолға алып, ұлтарақтай жер үшін ат үстінен түспеген батыр бабалардан қалған жәдігер сөз. Біз – ғасырлар бойы аңсап, еркіндікке қолы жеткен, арман-мұраты тең өрілген, тай қазаны ортаймаған қазақ деген байтақ ел, дана халықпыз. Міне, сол бақыт түндігін ашқан Тәуелсіздік бүгінде халқымызға тәңір сыйлаған құт-береке. Осы жалауы желбіреген 28 жылда қазақ халқы асыққанына жетіп, аңсағанын көрді.
Өткенге салауат. Дегенмен, қазаққа тағдар талай қауқыметті көрсетті. Алайда, біз сынған жоқпыз: Тар жол, тайғақ кешулерде шыңдалдық, шыңға өрледік. Бүгінде мен «Отандастар» қорында еңбек етемін. Шетелдегі қазақтармен жүздесіп тұрамын, әңгімесін тыңдаймын, мәселесін шешуге жәрдемдесемін. Жуырда бір қандас қарындасымыз бен бір бауырымыз қоғамдық қабылдауға келіп өз проблемасымен бөлісті. Қытайда туып өскен қарындасымыз қазір Египетке оқып жүр екен. Қытайда тұратын әкесі мен шешесі жақында белгісіз себептермен абақтыға жабылыпты. Мән-жайды біліп сол жаққа барайын десе қауіп күшті. Оны да қамап қоюы мүмкін. Қазір қарындасымыз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының шақыртуымен Қазақстанда жүр. Шетел азаматы болғандықтан тарихи Отанында 3 ай ғана жүруіне құқығы бар. Осы аз уақыт ішінде ол Қазақстан Республикасының азаматтығын алып үлгерсе, елде қалып еркін өмір сүре алады. Ал азаматтық алу оңай жұмыс емес. Бұл процесті жылдамдатудың бір жолы Қазақстандық азаматпен некеге тұру. Қарындасымыздың қасына еріп келген жас жігіт болашақ жары екен. Осылайша некеге тұрып Қазақстанның азаматтығын алуға әрекет етуде.
Егер бұл қарындасымыз Қазақстан азаматтығын алса Қытай да, басқа мемлекет те оның құқығына тиісе алмайды. Міне, Тәуелсіздіктің айқын көрінісі.
Бағалай білсең басыннан бақ қашпайды. Ал, қастерлей білмесең, қасиеттің де құны қалмайды. Ендеше біз Тәуелсіздікті ту етуіміз керек. Керек деймін ғой, жооқ, міндеттіміз!
Нұрымжан Қасымұлы Жұмағазиев
"Отандастар Қоры" КЕАҚ Білім саласының жауапты қызметкері