28.11.2019 жылы «Отандастар қоры» КЕАҚ және «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ шет елдердегі қазақ диаспорасының тарихи Отанымен мәдени-гуманитарлық және іскерлік ынтымақтастығын одан әрі дамыту үшін жағдай жасау мақсатындағы мемлекеттік тапсырма аясында отандастардың қатысуымен «Отандастар. Болашаққа бағдар» атты Халықаралық дөнгелек үстел өтті.
Жиынға ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Е.Көшербаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Б.М. Сапарбаев, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Ә. Абаев, парламент депутаттары, министерство мен ведомстволардың өкілдері, зиялы қауымдары, бизнес өкілдері және басқалар қатысты. «Отандастар Қоры» КЕАҚ Президенті Н.Ә. Әбіқаев Қордың іске қосқан және жүзеге асырған жобалары, олардың нәтижелері, отандастармен жұмыстың 2020 жылға арналған жоспары жайлы сөз сөйледі. Шет елдердегі қазақ қауымдастықтарының жетекшілері де өз ұйымдарының жұмыстары жөнінде әңгіме айтты.
Шара аясында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен Қор өкілдері қызметтерінің негізгі бағыттары, шет елдердегі қандастармен мәдени-гуманитарлық және іскерлік байланысты кеңейту әрі нығайтуға арналған «Қазақ үйі» жобасы, оның құрамына кіретін іскерлік үйлері мен мәдени орталықтарының әлем бойынша желісін құру жоспары талқыланып, бірлескен жұмыстың нақты ұсыныстары әзірленді.
Қатысушыларға Қазақстанның инвестициялық әлеуеті мен өңірлерде бизнесті дамыту үшін жасалған жағдайлар жайында ақпарат берілді.
«Атамекен» іскерлік үйінің панельдік сессиясында Іскерлік үйінің мақсаты мен міндеті, отандастарды консультациялық қолдау орталығының жұмысы жайлы айтылды. Шет елдерде өткізілген бизнес форумдар қорытындыланды. Түркия, АҚШ, Еуропа елдерінен келген қандас кәсіпкерлер сөз сөйлеп, «ҚазАгро», «Бәйтерек» холдингтері мен «ҚазақИнвест» ҰАҚ өз тараптарынан қандас кәсіпкерлерді қолдау мүмкіндіктерімен бөлісті.
Шет елдердегі қазақтілді БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен панельдік сессияда шет елдердегі қазақтілді БАҚ пен журналистердің өзара ынтымақтастық мәселесі талқыланды.
«Абай» мәдени орталығының панельдік сессиясында мәдени орталықтың мақсаты мен міндеті, шет елдерде қазақ мәдениеті мен өнерін дамыту, білім беру жобаларын іске асыру, елімізде туристік кластерді дамыту және еліміздің туристік тартымдылығын арттыру, барлық елде қазақ әдебиеті орталығының желісін құру мәселелері талқыланды. «Отандастар» Қорының жобасы – «Әлемдегі танымал қазақтар туралы» кітабы мен «Мұзбалақ» анимациалық фильмі таныстырылды.
«Жас Қазақ» жастар клубының панельдік сессиясында шет елдердегі қазақ жастарын тарихи Отанының айналасына шоғырландыру және оларға жан-жақты қолдау көрсету, диаспоралық және жастар саясаты саласындағы өзара әрекеттестік және серіктестік аясын кеңейту, жас белсенділерді таныстыру, олардың достығын нығайту, тарихи Отанына деген патриоттық сезімдерін қалыптастыру, Қазақстан Республикасының барлық жастар ұйымдарының іс-шараларына диаспора өкілдерін қатыстыру, өзара біріккен жұмыс жоспарын құрып, жұмыс істеу мәселесі талқыланды.
Сессия қорытындысында «Қазақ елі» жастар клубы жұмысының келесі жылдарға арналған жоспары бекітілді.
Жиынға этникалық қазақтар тұратын 26 елден 150 делегат қатысты.