Сессияға Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов, «ҚазАқпарат» ХАА бас директоры Асқар Умаров, Отандастар» Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, Түркия, Иран, Қытай елдерінен келген 12 қазақтілді БАҚ-тан 17 өкіл мен отандық журналистер қатысты.
Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов қатысушыларды құттықтап, сессияны ашып берген соң сөз алған «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры Асқар Умаров «Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-тарды біріктіру бастамасы былтыр шыққан. «Отандастар» қоры мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бастаманы қолдады. Осы ретте шетелдегі қазақ тілді БАҚ-тардың қауымдастығын құру идеясын ортаға салғымыз келеді. Бұл – өте қажетті және заманға сай жоба. Әлем елдеріне қарасақ, орыс, азербайжан, армян тілді БАҚ-тардың қауымдастықтары баршылық. Түркі тілдес халықтарда да бар. Сондықтан, бізге де қазақ тілді БАҚ-тардың қауымдастығын құрып, байланыс орнатуға болады. Бір-бірімізге осылайша көмек-қолдау білдіре аламыз», - деді. Өз кезегінде «Отандастар» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов осындай бастама көтеріп отырған «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агентігіне алғысын білдірді. «Бізге қолдау көрсетіп, қауымдастық құруға ниет білдіріп отырған «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігіне алғыс айтамыз. Пікір алмасайық. Ұсыныстардың бәрін тыңдағымыз келеді. Шетелдегі қандастарымыз қазақ тілінде өтетін бағдарламаларды сағына көріп, тыңдайтындарын айтады. Әлбетте, өте жақсы бастама», - деді ол. Жиын барысында сондай-ақ, Қазақстан мен шет елдерде қазақ тілінде шығатын БАҚ арасында ықпалдастық, ынтымақтастық пен әріптестік байланыс орнату мәселелері кеңінен талқыланды. Сессия қорытындысы бойынша шет елдегі қазақ тілді БАҚ қауымдастығын құру туралы шешім қабылданды.
Мәлімет үшін: Қазіргі уақытта шетелдерде қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарынан Моңғолияда «Қазақньюс» порталы, «Шұғыла» журналы, «Жаңа дәуір газеті», Баян-өлгей» аймақтық радиосы жұмыс істеп тұр. Ал Иранда «Парстудей» ақпараттық агенттігінің қазақ бөлімі мен қазақ радиосы хабар таратса, Түркияда «Қазақ елі» журналы, Ресейде «Омбы қазақтары» мен «Ақ арна» газеттері шығады. Ал Өзбекстанда «Нұрлы жол» республикалық газеті, «Кенимех таңы» аудандық газеті, Науаи телерадиокомпаниясы, «Алтын аймақ» бағдарламасы бар.