Стокгольм қаласында Швеция, Дания, Норвегия, Финляндияда тұратын отандастардың басын қосқан бизнес форум өтті. Шараны Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар» Қоры мен ұйымдастырды Іскерлік байланысты қалыптастыру мәселелері жайлы жан-жақты пікір алмасуға Солтүстік Еуропадағы қазақ диаспорасының көшбасшылары және белсенділері сонымен қатар, ҚР Швециядағы елшісі Қайрат Әбдірахманов, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының орынбасары Арғын Оспанов, «Отандастар» қорының жауапты қызметкерлері, Швецияның Қазақстандағы тұңғыш елшісі Манне Венборг, Қазақстанның Дания, Финляндия, Швециядағы құрметті консулдары қатысты. Іскерлік жиынға, сонымен қатар аталған елдердің компанияларында жұмыс істейтін қазақстандықтар мен жүн өңдеу, ауыл шаруашылығы, агротуризм және басқа да болашағы бар жобалармен айналысатын Түркістан және Қарағанды облыстарының бизнесмендері келді.
Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен Қор өкілдері қызметтерінің негізгі бағыттары, оның ішінде шет елдердегі қандастармен мәдени-гуманитарлық және іскерлік байланысты кеңейту әрі нығайтуды көздеген «Отандастар» қорының негізгі жобаларының бірі «Қазақ үйі» Қазақ мәдени-іскерлік үйінің құрамына кіретін іскерлік үйлері мен мәдени орталықтарының әлем бойынша желісін құру жоспарымен таныстырды. Форумға қатысушыларға Қазақстанның инвестициялық әлеуеті мен өңірлерде бизнесті дамыту үшін жасалған жағдайлар жайында ақпарат берілді.
Швециядағы қазақстандық жастар Қауымдастығының төрайымы Айдана Бекберген форумға қатысушылар алдында тарихта тұңғыш рет отандастардың жас буынына үндеу жазылған, тек 2025 жылы ашылатын электронды форматтағы уақыт капсуласын салды.
Қатысушылар делегация құрамындағы кәсіпкерлердің ұсыныстарына айтарлықтай қызығушылық танытты. «Шымкент Кашемир» жүн өңдеу фабрикасының құрылтайшысы әрі басшысы Ш.Қанжарбайұлы скандинавия елдеріне өнімдерін өткізуді жолға қою жайын қозғаса, «Toksumak» бірегей эко-агро-ауыл авторы О.Омаров бір жағынан ауыл тұрғындарының әлеуметтік ахуалын нығайтатын, екінші жағынан елге оралған қандастарға берік база болатын жобаларға инвестиция тарту туралы ойын ортаға салды. Биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отырған, Швед астанасында өткен шара әлемдегі қазақ диаспорасы мен қазақстандықтардың тарихи Отан төңірегінде бірігуінің жемісті үлгісі болды.