Моңғолия Халық Республикасында тұратын қандасымыз Сарай Хыжабайұлы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Атажұртқа жеткен ақ жолтай хабарды естіп көңіліміз марқайды. Сарай Хыжабайұлы 1956 жылы Дэлүүн ауданы, Шегіртай ауылында дүниеге келген. 1977 жылы Ұлан-Батыр қаласында жоғарғы оқу орнын бітіріп, қызмет жолын бастады. 8 баласын өсіріп-жеткізіп, «Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған» ардақты әке.
«Киіз үй жасау өнерін бала кезден меңгердім. Моңғолиядағы әр қазақ отбасы үшін 40 жылдан бері керегесі кең, шаңырағы биік киіз үй істеп келе жатырмын. Және осы адал еңбегімді бағалаған Моңғолия Президентіне алғыс білдіремін. Ендігі жоспарым қазақ еліне барып, Ақмола облысы, Степнагорск қаласы, Қарабұлақ ауылынан киіз үй жасайтын шағын кәсібімді ашқым келеді. Өмірлік тәжірибемді атажұрттағы үйренемін деген жастарға үйретемін» - дейді Сарай Хыжабайұлы.
«Шебердің қолы ортақ, шешеннің сөзі ортақ» - дегендей Ел Президенті Шаған мерекесі қарсаңында 40 жылғы адал еңбегі үшін арнайы құттықтауын жіберіпті. Өзі шет мемлекетте тұрса да қазақ киіз үй жасау өнерін жеттік меңгерген қандасымыздың қолөнер шеберлігі қандай марапатқа болсын лайықты. Баян-Өлгей аймағы мен басқада өңірлердегі мал шаруашылығымен айналысатын халық Сарай Хыжабайұлының қолынан істеліп шыққан киіз үйлерге сұраныстың көп екенін айтады. Ата дәстүрімізден қалған киіз үй жасау шеберлігін кейінгі буын жастарға да үйретіп, ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтап жүрген қандасымызға амандық тілейміз.