4 ақпан Ел тәуелсіздігінің отыз жылдығына арналған «Тәуелсіздікке тарту» жобасы аясында «Отандастар қоры» КеАҚ мен «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ ұйымдастыруымен «Көк тудың желбірегені» атты іс-шара өтті. Онлайн форматта өткен жүздесуге Парламент мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, «Отандастар қоры» вице-президенті Мағауия Сарбасов, «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ орталық аппаратының қеңесшісі Қарлығаш Қожамұрат, «Отандастар қоры» КеАҚ президентінің кеңесшісі Рахым Айыпұлы, «Республикалық Жебеу қоғамдық бірлестігінің» төрағасы Омарәлі Әлібекұлы, композитор әнші Тілеубек Қожанұлы, ақын Алмас Ахметбекұлы, Нұршат Зейіпханұлы, Базаралы Әріпұлы және басқада азаматтар қатысты.
Депутат Қазыбек Жарылқасынұлы мәдени кездесуді жоғары бағалап, өз алғысын жеткізді. Қоғам вице-президенті Мағауия Қанапияұлы атқарылған жұмыстарға тоқталып, болашақ жоспарларымен бөлісті.
Халық жүрегінен орын алған өнер туындысы «Көк тудың желбірегені» әнінің әуенін жазған марқұм Ермұрат Зейіпханұлы шығармашылығы туралы естеліктер айтылды. Әннің сөзін жазған ақын Алмас Ахметбекұлы «Қиырда қалған қазақтың, көзінің мөлдірегені» деп алыстағы ағайынның бар арманын, мақсатын, мұратын айқын суреттеп берген еді. Кеш соңында әсем әнді Құрманбек Әлімғазы мен Риза Қайырбайқызы орындап, көптің алғысына бөленді.