Ирандағы қазақтармен онлайн форматта «Қандастар форумы» өтті

26 Қазан, 2020

«Отандастар қоры» 2020 жылғы 23 қазан күні Иранда тұратын қазақтардың қатысуымен «Қандастар форумы» онлайн-кездесуін ұйымдастырды. Іс-шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – шетелде тұратын қазақтардың әлемдік пандемиядан кейінгі әлеуметтік-экономикалық ахуалын анықтап, қандастарға Қазақстандағы қолайлы инвестициялық жағдаймен таныстыру.

Онлайн-кездесу барысында «Отандастар қорының» Қандастарды ақпараттық қолдау департаментінің бас менеджері Анас Баққожаев шетелде жүрген қандастарымызға білім, мәдениет салаларымен қатар, кәсіпкерлік бағытында да белсенді болуға шақырды. Қандастарымыз үшін Қазақстандағы бизнес-климаттың қолайлы екенін атап өтіп, Қазақстанның батыс аймақтарында Ираннан келіп, жеңіл өнеркәсіп саласында жетістікке жеткен кәсіпкерлер туралы айтты.

Өз кезегінде ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақ диаспорасымен жұмыс жүргізу басқармасының өкілі Бауыржан Тоққұлов Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінде қазақ диаспорасын қолдау жұмыстарын атқаратын арнайы дипломат бекітілгенін және қандастарымыз мәселелері бойынша өз аймағындағы ҚР елшілігіне барып жүгінуіне болатынын жеткізді.

Иранда тұратын қандастарымыз әлеуметтік-экономикалық жағдайлары тұрақты екенін баяндап, негізгінен агроөнеркәсіппен, логистика және жеңіл өнеркәсіппен айналысатынын атап өтті.

Онлайн өткен жиын нәтижесінде Иранда тұратын Мұхаммед Қазақ есімді кәсіпкер қандасымызға қымыз, сүт өнімдерін өндіру бойынша қазақстандық кеңес беретін мамандарды таныстыру ұсынылды. Сонымен қатар, қандастарымыз Қазақстандағы қолайлы инвестициялық жағдайды Иран азаматтарына таныстыра жүретінін жеткізді.

Ирандағы қазақтармен онлайн форматта «Қандастар форумы» өтті