«Атамекен антологиясы» жобасы: Әділет Ахметұлы

09 Қыркүйек, 2020

Қаламгер қандастарымызға шығармашылық қолдау көрсетіп, отандас ақын-жазушылардың  төл туындыларының туған елінде кеңінен насихатталуына мүмкіндік жасау мақсатында «Отандастар Қоры» КЕАҚ-ның арнайы жобасы «Атамекен антологиясы» бағдарламасын назарларыңызға ұсынамыз. Шығарылымның бұл санында Қытайдан келген қандасымыз, талантты ақын Әділет Ахметұлының  бір төп өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.

Әділет АХМЕТҰЛЫ 1986 жылы 25 қыркүйекте Қытай Халық Республикасы, Алтай аймағы, Бурылтоғай ауданы, Қармағай ауылы, Таңбалы қыстағында дүниеге келген.
2012 жылы Пекиндегі Орталық ұлттар университетін Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тамамдап,  Шынжаңдағы «Мұра» журналында тілші және редактор болып қызмет атқарған. 2014 жылы аңсаған атажұртына оралып, әйгілі ақын, сағыныштың сиволына айналған шайыр Жәркен Бөдешұлының батасын алып, жыр әлеміне кеңінен таныла бастады.

«Ақ ала ордам қонған жұрт» атты поэмасымен Астананың 15 жылдығына арналған жыр мүшәйрасының жүлдегері, «Алматы — тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты халықаралық жыр мұшәйрасының жеңімпазы.

Отансүйгіштік, елдік, бірлік, туған жер, қазақы жүниетаным тақырыптарында көбірек жазатын Әділет оқырмандардан оң бағасын алып келе жатқан ізденгіш таланттардың бірі. Ел іші-сыртындағы мерзімді басылымдарда өлеңдері жарияланып тұрады. 2019 жылы «Әділет» атты тұңғыш жыр Дүниежүзі қауымдастығы мен «Отандастар Қоры» жанындағы «Атажұрт» баспа орталығынан жарық көрген.


САҒЫНШТЫҢ  МЫСАЛЫ

Өзегімді шөл емес, күйік басты,
Дәрумендер баспады, тиіп- қашты.
Түсімде тағы көрдім ескі жұртты,
Сарқырап бұлақ түскен биік тасты.

Түсіме жиі кірген сол ескі жұрт,
Қалды мені қалайда керексініп.
Аса маңғаз пішінде аттандырған,
Тым ғажайып бір күйге бөлеп тұрып.

Одан кетіп, ақыры мұнда жеткем,
Соңымнан қалмай еріп мырза көктем.
Анда- санда қоямын өлең жазып,
Сәтінде сол топырақ жыр дәметкен.

Қазығын баба қаққан тым арыдан,
Тарихын тасқа жазған мың алуан.
Сау адам да ақын боп кетер еді,
Мен туған топырақтың құнарынан.

Бізді алдап әкетті сөз керуен,
Көңілдегім ауырлау көздегіден.
Бақытты ақын болған ба бұл ғаламда,
Топырағы бұйырған өз жерінен.

Оянғанда ойлар мен ой қағысқан,
Туған жер, кел ақыным дейді алыстан.
Адамдар айта алмайды басқа мысал,
Топырақ, Жусан және Бейбарыстан.

Сағынштан саудырап күш, қаруым,
Езіледі өзгеше іш, бауырым.
Биік тасты іздеймін,  таба алмаймын,
Сонда жатқан секілді түп-тамырым.

АҚ АЙДЫННЫҢ ЖАҒАСЫ АҚ САҒЫЗ ҚҰМ

Жазайыншы деп жүрген өлеңім көп,
Бергенім аз,  беремін, берерім көп.
Бурылтоғай бүйрегі бүлкілдеді-ау,  
Кетіп едім айналып келемін деп.

Өтті уақыт, салқар көш, кірбең керуен,  
Сәлем айттым ел байрақ ілген жерден.
Қара жердің астында жақыным көп,  
Жердің бетін шиырлап жүргендерден.

Мен ұялсам солардан ұяламын,  
От жаққан қыр, туған жер, ұя, бағым.
Сағынамын қырқасын, қиырларын,  
Шоқыларын, шыңдарын, қияларын.

Ақ айдынның жағасы ақ сағыз құм,
Бағымыздың басы еді, бақшамыздың.
Мен соңынан желдіртіп кете барғам,
Бадырайтып бабалар басқан іздің.

Бабам неге із салды бадырайтып,
Із қуала,
береді ол  бәрін айтып.
Сен өксідің Үліңгір сонда менің
Кірпігіме  қонғанда  тарыдай  шық.

Сен өксідің, сеннен соң мен өксідім,
Көкейіңді тырнады көмескі мұң.
Есті кісі біліп жүр айдан анық,
Кеткенімнің тым бұрыс еместігін.

Содан кейін, тәуекел, кете барғам,
Қалды артымда, шырын күн, шекер арман.
Ор киік жоннан ауып кетеді екен,
Сұрқия заманынан секем алған.

Ұқсатады бізді өмір ор киікке,
Жүрегіміз өртеніп шер күйікке.
Мен бір шыңның басынан қоныс алсам,
Сен тұрасың туған жер, ең биікте!

Үліңгірдің ағысы  бүлкілдейді,
Ұлы өлкенің арысы күрсінбейді.
 Аймағынан алысқа кеткен ұлдың
Айдарынан жел есіп тұрсын дейді.

ӨЗЕН РУХЫМ

Теректінің суының ағысын-ай,
Алтайдағы ауылдың алысын-ай.
Жалғыз сурет басылды көзіме оттай,
Таныс ағын, таныс өң, таныс рай.

Жөңкіледі өзені Теректінің,
Жарықтық бір көрсетті өр екпінін.
Ағыны еміс-еміс еске салған,
Ер болған соң өр болу керектігін.

Арынымен  тәнті етіп ақ жал ағыс,
Жанитын жанға жігер, арға намыс.
Өркештенген өзеннің рухыменен,
Мен сонда кете барғам самғап алыс.

Теректінің өзені тасығанда,
Жайық боп жөңкілетін жасыл арна.
Алтайдың өзендерін есіме алам,
 Жалғыздықтан жүрегім жасығанда.

Жататұғын жарықтық өткел бермей,
Ұзақ, ұлы міндетін өткергендей.
Тау ұлымын деп өлең жазбаңыздар,
Тауға шықпай, болмаса бөктер көрмей.

Алтайдың әрбір  сайы –  бір-бір өзен,
Қыраты қоңыр таудың қырмызы өлең.
Алып Ертіс ағатын маңғазданып,
Арнасын ай тегістеп, жыл күзеген.

Еске келер ескі жұрт, бөктер, дала,
Самалы сүйетұғын еппен ғана.
Ұлы-ұлы сағыныш арқалайды,
Ұлы өзеннің бойында өскен бала.

Теректінің суының ағысын-ай,
Алтайдағы ауылдың алысын-ай.
Жалғыз сурет басылды көзіме оттай,
Таныс ағын, таныс өң, таныс рай.

ҰЛЫ САҒЫНЫШ

Жұлдыздай жылт-жылт еткен жұпар жалған.
Мен едім  сағыныштан күш алған жан.
Еменнің тамырындай тарамдалған,  
Теректің бұтағындай бұтарланған.

Көрдің бе,  ерінімнің кезергенін,  
Сағындым туған жердің  өзен-көлін.
Менен артық сүйетін біреу бар ма,
Қазақтың тау мен тасын, кезең, белін.

Сөзбен айту мүмкін бе осы  жайды,  
Жүрегім сағынышқа басыбайлы.
Теңіз де  мен секілді толқымайды,  
Өзен  де  мен секілді  тасымайды.

 Сағыныш,  ооо,  сағыныш,  тұнық неткен ?!
Тілдестірген ақынды Рух,  Көкпен.
Мың жылғы бабамды да сағынам мен,  
Сүйегі топыраққа сіңіп кеткен.

Сағындым,  Көктепсеңді,  Қаражалды,  
Сағындым Ақдаланы,  Ақаралды.
Сағынып жүрмін қатты сенесің бе,  
Жүз жылдан соң  туатын балаларды.

Қаратаудың шоқысы,  сай-саласы,  
Айғайлайын,  үнімді қайталашы!
Сап алтындай  сарғайып кеткен  жанға,  
Қуат бер,  құшағыңды  айқара ашып...

Өлең жазам өзімнің  өртімді еміп,
Түсімде өскен өлке көркін көріп.
Сол аймаққа өлгенше  тәу етер ем,  
Жанымның берер болса  дертін жеңіп.

ДАЛАҒА САҒЫНЫШ  

Мінгенім астымдағы жирен қасқа,
Таңдадым тау жолында қиналмасқа.
Жанымды жұбататын сөз таппадым,  
Кәсімбай Аршын шерткен  күйден басқа.

Далам-ай,  ән қалықтап,   күй шалқыған,  
Жонында өткен күннің  иісі аңқыған.  
Мен сендегі мәрттікті сағынамын,
Тек ұлылық танытқан сый,   салтынан.

Мінгенім астымдағы тор (ы) төбелім,
Аңсадым өскен таудың бөрте белін.
Ой мен қыры көлбеңдеп көз алдымда,
Отына сағыныштың өртенемін.

Елді көксеп көкірек,  қырды  аңсауда,
Ет-жүрегім ежелгі  жырды аңсауда.
Телміріп-ақ келемін бір шыға алмай,  
Терезеден көрініп тұрған  тауға.

Шіркін-ай шіреніп ап алшаңкерге,
Тұяғымен тіл қатсам жалпақ жерге.
Айдында аққуындай жүзсем бе екен,  
Шарасы шаттық төккен шалқар көлде.

Тектілік, биіктікті тау ұқтырған,
Ақ жауыны ән мен күй жауып тұрған.
Сағынып жүрген жанның мауқын басып,
Ауырып жүрген жанды сауықтырған.

Аңсатты  таудың  елі,  дала көші,  
Аңсатты көшпенді елдің  қара қосы.
Қаланың қамалында қамалғанда,  
Арманшлыл  боп алады-ау,  адам осы ? !

Астымда мінген атым теңбіл шұбар,  
Алыстан  барандайды зеңгір шынар.
Тұмасын туған жердің қанып ішкем,  
Сондықтан сағынышым мөлдір шығар?!

ЖИДЕ ЖЕП СУ ІШКЕНДЕР СЕМІРЕТІН  

Түсімде қара мөлдір жиде көрдім,  
Оянып бір ғажайып күйде болдым.
Жиде теріп соңынан еріп кеткем,  
Осынау қилы-қилы,  сыйлы өлеңнің.

Түсімде жеген жидем мөлдір қара,  
Сағыныштың салғаны теңбіл жара.
Көз алдыма келеді Үліңгірдің
Бойында жиде терген сол бір бала.

Табысып қалың бала су басынан,  
Қиялдың  жаңылмайтын сұлбасынан.
Қара жиде қазына бітік өскен,
Бал тамып тұратұғын сырғасынан.

Жидеге тойып алып суға малтап,  
Қалды артта шортандай тулаған шақ.
Құс үнімен күмбірлеп өзен бойы,  
Жататын жырын айтып,  шулап алқап.

Тоғайып жаным жырға,  кеудем күйге,  
Ақ дорба іші толы терген жиде.
Әжем төге салатын бар мейірін,  
Алқынып іңірде мен  келгенде үйге.

"Жиде жеп,  су ішкендер семіреді"
Дейтұғын айтылым бар көрінеді.
Күн бойы жиде мен су азық болған,  
Біздің өмір недеген өмір еді.

Өстік біз ұлы ауылда,  көрмей қала,  
Әлдилеп жомарт дала - тербейді ана.
Туған жерін сүйеді махаббатпен,  
Балалығы мәнді өткен мендей бала.

Туған жер түп қазығым,  туысым да,  
Алаулаған сағыныш суысын ба?!
Шалқып жатып ояндым,  көзімді ашсам,  
Терген жидем жоқ екен уысымда.

«Атамекен антологиясы» жобасы: Әділет Ахметұлы