Шетелдегі қандастарға арналған «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІНЕН» онлайн-концерті өтеді

18 Тамыз, 2020

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, «Отандастар қоры» және «Қазақконцерт» ұйымы бірлесіп, «Ұлы дала елінен» атты қазақстандық әртістердің концертін ұйымдастырады.

Бұл бастама ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырмасымен жүзеге асырылып, концерттің мақсаты – музыкалық өнер арқылы ұлттық бірегейлікті сақтау, қазақ диаспорасына рухани қолдау көрсету, шетелдегі қандастармен байланысты нығайту.

Тамыздың 22-ші жұлдызы күні сағат 21.00-де (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша) басталар атаулы шара аясында әлемге әйгілі «TURAN» этнофольклорлық ансамблі онлайнді концерті бермек. Концертте ансамбль қазақ халқының ұлттық музыкалық мұрасын жаңғыртып, ұмыт бола бастаған төл аспаптардың сүйемелдеуімен өздерінің үздік туындыларын орындайтын болады.

«TURAN» этнофольклорлық ансамблі құрамындағы Серік Нұрмолдаев, Мақсат Медеубек, Бауыржан Бекмұханбетов, Ержігіт Әлиев, Жанту Дадабаев сынды талантты мульти инструменталист музыканттар, ұлттық музыкалық аспаптардың дыбысын қазіргі заманға сай лайықтап, жаңа форматта ұсынатын болады. Он жылдық тарихы бар өнер ұжымы қазақ музыкасын әлемге әйгілеп, 70-тен аса шет мемлекетте 600-ден астам жеке концертін өткізген.

Онлайн концертті «Отандастар қорының» интернеттегі «Otandastar channel» YouTube арнасында тамашалай аласыз. 

Шетелдегі қандастарға арналған «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІНЕН» онлайн-концерті өтеді