«Қазақстан - ата жұртым, қасиетім - ана тілім» олимпиадасының қорытындысы

01 Шілде, 2020

2020 жылғы 22-28 маусым аралығында алыс-жақын шет елдерде тұратын қазақ диаспорасының балалары үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен «Қазақстан - ата жұртым, қасиетім - ана тілім» атты XVII Халыкаралық олимпиадасы коронавирус (COVID-19) пандемиясына байланысты тұңғыш рет қашықтықтан өткізілді.

 

Олимпиада қазақ тілі мен әдебиетін терең білетін қазақ диаспорасы балаларының арасынан дарынды оқушыларды анықтауды, олардың ана тілі мен қазақ әдебиеті, қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен өнері жөніндегі танымдық қабілеттерін арттыруды, әлемнің әр елінде тұратын қазақ жастары арасында достық байланыстың орнауына ықпал етуді, сондай-ақ қазақ диаспорасы өкілдері арасында қазақ тілін меңгерудің маңыздылығын арттыруды көздейді.  

 

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен XVII Халыкаралық олимпиада әлемнің әртүрлі елдерінен 146 қатысушыларды жинап (Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Иран, Түркия және Бельгиядан) рекордтық көрсеткішпен ерекшеленді.

 

Олимпиаданың талаптарына сай қатысушылар қазақ тілі мен әдебиетінен білімдерін, шешендік шеберліктері мен халық ауыз әдебиеті шығармаларынан өз өнерлерін көрсетті.

 

Қазылар алқасының құрамы еліміздегі ең танымал А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Сүлейман Демирел атындағы университеті, Назарбаев Университеті, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті сынды  аты әйгілі жоғары оқу орындарының докторлары мен профессорларынан, сондай-ақ «Тіл Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, «Егемен Қазақстан» Жалпыұлттық республикалық газеті және «Отандастар Қоры» КеАҚ өкілдерінен құралған.

 

Қазылар алқасы қатысушылардың электрондық пошта арқылы жіберген жазбаша жұмыстары (берілген тақырыптар бойынша эссе жазу) мен бейнежазба ретінде түсірілген үй тапсырмаларын (ән айту, мәнерлеп оқу, домбыра шерту, би билеу т.б.) сараптай келіп, қатысушылардың арасынан үздік шыққандарын олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері атандырды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер тізімі: https://daryn.kz/olympiads/view/4/3065?lang=kz

«Қазақстан - ата жұртым, қасиетім - ана тілім» олимпиадасының қорытындысы