Торонтода Республика күні мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған концерт өтті

Кеше

 

2026 жылғы 19 қарашада Канаданың Торонто қаласындағы The Parkdale Hall залында Республика күні мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған мерекелік концерт өтті. Кешті «Отандастар қоры» КеАҚ, Қазақстан Республикасының Канададағы Елшілігі және Торонто мен Үлкен Торонто өңіріндегі қазақстандықтар қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды.

Кеш этномәдени жәрмеңкеден басталды. Қонақтар қазақ халқының салт-дәстүрімен, қолөнерімен және ұлттық мұрасымен танысты. Көрермендер арасында Канаданың әр өңірінен келген отандастар, жергілікті қоғам, іскерлік және шығармашылық орта өкілдері болды. Құрметті қонақтардың қатарында Онтарио провинциясының мультикультурализм жөніндегі бұрынғы министрі әрі Заң шығарушы жиналысының бұрынғы депутаты Тони Рупрехт болды.

«Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті А. Жұрқадам жиналғандарды Республика күнімен және алдағы Тәуелсіздіктің 35 жылдығымен құттықтады.

«Шетелдегі отандастардың Қазақстанмен байланысын нығайту – біздің басты міндетіміз. Бүгінгі өнер кеші елге деген сағыныштарыңызға сазды сәлем болады деп сенемін», – деді А. Жұрқадам.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдина мен әнші әрі продюсер Қыдырәлі Болманов «Аяулым», «Ризамын саған» және «Бағым сен» әндерін орындады. «Ұлытау» тобы Құрманғазының «Адай», Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» күйлері мен Антонио Вивальдидің «Қыс» шығармасын этно-рок мәнерінде ұсынды. Домбыраның заманауи өңдеудегі үні мен қазақтың көне ішекті аспабы жетіген канадалық көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Кеш қазақстандық дизайнерлердің ұлттық киім топтамаларының көрсетілімімен аяқталды. «Қыдырәлі – Қарақат» мектеп-студиясының шәкірттері Гаухар Өмірзақтың топтамасы көрсетілгенде «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» әнінің әуенін жетігенде орындады. Ал «Ұлытау» тобы Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйін орындаған сәтте «Bay Brand» брендінің негізін қалаушы Бану Гайдардың топтамасы таныстырылды.

Торонто мен Үлкен Торонто өңіріндегі қазақстандықтар қауымдастығының жетекшісі Мадина Кеңесбаева соңғы жылдары Қазақстаннан Канадаға келген отандастар саны едәуір артқанын атап өтті. Оның айтуынша, көрермендер өнерпаздарға қошемет көрсетіп, ұйымдастырушыларға ризашылық білдірді. Қауымдастық жетекшісі осындай мәдени кештер жиі өтсе, Канададағы отандастардың Қазақстанмен байланысы нығая түсетінін айтты.

 

Торонтода Республика күні мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған концерт өтті