«Отандастар қоры» мен Шымкент қаласының әкімдігі өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Тараптар шетелде тұратын және Қазақстан Республикасына қоныс аударған қандастарды қолдау бағытында күш біріктіреді.
Меморандумның мақсаты - отандастарды қолдаудың нормативтік базасын құрып, жұмысты тұрақты және жүйелі арнаға ауыстыру. Осы орайда «Отандастар қоры» облыс және Республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне шетелдегі Қазақ мәдени-іскерлік үйлеріне қамқорлық жасауды бекітумен, сонымен қатар іс- шаралардың бірлескен жол картасын әзірлеумен тығыз ынтымақтастық орнатып отыр.
«Отандастар қоры» Қазақстанға оралған қандастарға ақпараттық, ұйымдастырушылық және консультациялық көмек көрсетіп, жеке құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша жобаларды жүзеге асыруда.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Алмасбек Мамытбеков «Отандастар қорымен» бірлесіп жұмыс істеуге әзір екенін және ұсынған жобаларды толықтай қолдайтынын жеткізді.