Халықтар достығының дәнекері
ЕКІ ЕЛДІ БІРІКТІРГЕН ЖАМБЫЛ ЖЫРЫ
Өзбекстанда, Ташкент облысы, Жоғарышыршық ауданында Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына арналған мәдени-ағартушылық кеш жоғары деңгейде өтті.
Ташкент облысы, Жоғарышыршық ауданында 2026 жылғы 25 октябрьде Гүлістан махалла азаматтар жиыны аумағындағы “Ұлттар достығы” мәдениет сарайында қазақ халқының ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына арналған “Жыр алыбы Жамбыл Жабаев” атты мәдени-ағартушылық шара өтті. Оны Ташкент облыстық Қазақ ұлттық мәдени орталығы Жоғарышыршық ауданы әкімшілігімен, Жоғарышыршық аудандық Қазақ ұлттық мәдени орталығымен және аудандық мәдениет бөлімімен ынтымақтастықта ұйымдастырды. Іс-шараның жоғары дәрежеде өткізілуіне РҚҰМО төрағасы Серікбай Үсенов, Ташкент облыстық қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Сапаралі Еркебаев, Жоғарышыршық аудандық бөлімінің төрағасы Искандер Алашбаев, тағы басқа белсенді тұлғалар атсалысты.
Шараға қоғам өкілдері, зиялы қауым, жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ бір топ қазақстандық ғылыми-зерттеу бойынша экспедиция өкілдері де қатысты. Мәдени шара қонақтарды қарсы алудан басталып, мемлекеттік әнұран орындалды. Іс-шараны модератор Талғат Қалдыбаев жүргізді. Кешті Өзбекстан Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсенов кіріспе сөзбен ашып берді.
Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ералы Тоғжанов, Өзбекстан Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсенов, “Нұрлы жол” газетінің бас редакторы Ғұламзәкір Юсупов, Ташкент облыстық ұлттық мәдени орталығының төрағасы Сапарали Еркебаев, профессор Есеналі Бердалиев, ақындардан Сапарбек Иманбеков, Лала Жүнісқызы, Зәмира Мұсаевалар құттықтау сөз сөйледі. Өз кезегінде олар Жамбыл Жабаевтың қазақ әдебиеті мен халық поэзиясындағы орнын, ақын мұрасын жас ұрпаққа насихаттаудың маңызын ерекше атап өтті.
— Ұлы тұлғалардың мерейтойларын атап өту, олардың кейінгіге қалдырған өшпес мұрасын жас ұрпақтардың бойына терең сіңдіру, ұлттық құндылықтарды сақтау мен дамыту баршамыздың ортақ міндетіміз. Осындай әдеби кештер, шығармашылық кездесулер, берекелі басқосулар бауырлас екі мемлекеттің байланыстарын одан әрі нығайта түсетіні сөзсіз, — дейді Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ералы Тоғжанов.
Жамбыл Жабаев ақындық өнерді Сүйінбай Аронұлынан үйреніп, өлеңді тосыннан суырып салып айту өнерін меңгерді. Оның даңқы 1881 жылы бұрын жеңілмеген Құлмамбетпен өткен айтыстан кейін асқақтады. Ақынның шығармашылық мұрасы өте мол. Оның “Шағым”, “Менің пірім Сүйінбай”, “Кедей күйі”, “Әділдік керек халыққа” өлеңдері мен Өтеген, Сұраншы батырлар жайлы дастандары халықтың санасында терең із қалдырды. Қазақ поэзиясының ірі өкілі екі ғасыр тоғысында өмір сүріп, ел тағдырындағы ірі өзгерістердің куәгері болды. Кеңес дәуірінде оның еңбегі жоғары бағаланды: Жамбыл 1936 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен, 1938 жылы Ленин орденімен марапатталып, 1941 жылы Сталин сыйлығының екінші дәрежелі иегері атанды. Ұлы Отан соғысы жылдарында ақынның “Ленинградтық өренім” жыры кеңінен танылды. Жамбыл Жабаев 1945 жылы 22 июньда, 99 жасында Алматыда қайтыс болды.
Шараның бағдарламасы бойынша Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығынан көркем оқулар мен сахналық қойылымдар көрсетілді. Жастар және мектеп оқушылары ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. Жастардың қатысуымен ақын өмірі мен шығармашылығына арналған сахналық орындау көрсетілді.
Кештің “Ұлттық әуендер мен әндер” бөлімінде ақын, әнші Сахибек Құттыбаев тамаша өнер көрсетті. Құлмахан Дүйсенов пен Талғат Тоқтар айтыс өнерін көрермендерге тарту етіп, ыстық ықыласқа бөленді. Сабыржан Төлендиев, Қанат Еркебаев, Ерлан Әлімқұловтар өнерлерімен жиналғандарды тамсандырды. Ал “Жұлдыз” би тобы қазақ ұлттық әсем билерімен көрермендердің тұла бойын бір сергітті.
Жалпы алғанда, Жоғарышыршық ауданындағы Жамбыл Жабаевтың мерейтойына арналып жоғары деңгейде өткізілген мұндай шаралар ұлттық мәдениетті, ана тілімізді және рухани мұраны сақтап, жас ұрпаққа жеткізудің маңызды алаңына айналды. Өзбекстандағы әдебиетсүйер қалың жұртшылық ақынның мұрасын кеңінен насихаттауға, сондай-ақ мәдени байланыстарды нығайтуға өз үлестерін қосуды әрқашан жалғастыра бермек.



Авторы: Арухан АҚПАНБЕТОВА, Өзбекстандағы “Нұрлы жол” газетінің тілшісі.