Шетелге шығатын Қазақстан азаматтарына арналған ұсынымдар

Кеше


Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ж. Үсеновтің брифингі

Көріп отырғанымыздай, соңғы уақытта Қазақстан Республикасының азаматтары шетелде жүргенде болу елінің заңнамасын білмеу, сондай-ақ шет мемлекеттердің көші-қон, визалық, транзиттік және кедендік талаптарын сақтамау немесе олардан хабарсыз болу салдарынан түрлі қиын жағдайларға тап болатын оқиғалардың саны артып келеді.

Бұл ретте ең алдымен, елде болу мерзімдерін бұзу, тыйым салынған немесе декларацияланбаған тауарларды алып өтуге әрекет жасау, сондай-ақ шет мемлекеттердің аумағында транзитпен өту және болу қағидаларын сақтамау жағдайлары туралы сөз болып отыр.

Осыған байланысты отандастарымызды шетелге шығу алдында баратын елдің, сондай-ақ транзит арқылы өтетін мемлекеттердің заңнамасын, визалық және көші-қон талаптарын мұқият зерделеуге шақырамыз. Паспорттардың, визалардың, елде болуға берілген рұқсаттардың және басқа да қажетті құжаттардың жарамдылық мерзімдеріне ерекше назар аударған жөн.

Сонымен қатар медициналық сақтандыруды ресімдеуді, әуе билеттерін тек ресми сервистер арқылы сатып алуды, әуе компанияларының багаж бен транзитке қатысты талаптарын сақтауды, құжаттарыңызды үшінші тұлғаларға бермеуді, сондай-ақ ішіндегі заттардың мазмұнына толық көз жеткізбеген жағдайда бөгде адамдардың сөмкелерін, сәлемдемелерін және басқа да заттарын алып жүруден бас тартуды ұсынамыз.

Шетелге жұмыс істеу, білім алу немесе емделу мақсатында шығатын азаматтар барлық қажетті құжаттардың, шақырулардың, еңбек шарттарының және рұқсаттардың заңнама талаптарына сәйкес дұрыс рәсімделгеніне алдын ала көз жеткізуі қажет.

 Жаппай топтық сапарларды ұйымдастырушылармен уағдаластықты тексеру, сондай-ақ келеңсіз жағдайларға арнайы іс-қимылдарды жоспарлау  өте маңызды.  Мысал ретінде жақында болған резонансты ахуалды атап өтуге болады. Онда 200-ден астам қазақстандық студент АҚШ-та үйсіз-күйсіз қалған болатын. Бақытымызға орай қазіргі уақытта барлығы да Қазақстанға оралды.

Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері өз құзыреті шегінде азаматтарға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсететінін ерекше атап өткіміз келеді. Сонымен бірге болу елінің заңнамасын сақтау және белгіленген талаптарды орындау үшін жауапкершілік тікелей азаматтың өзіне жүктеледі.

Дереккөз: ҚР СІМ

Шетелге шығатын Қазақстан азаматтарына арналған ұсынымдар