Қазақ тілін 20 жыл оқытқан корей ғалымын Президент Тоқаев марапаттады

Кеше

Оңтүстік Кореяның Хангук шет тілдері университетінің (HUFS) профессоры, Орталық Азияны зерттеу институтының директоры Сон Ён Хун II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына ресми сапары аясында өткен марапаттау рәсімінде профессорға мемлекеттік награда табысталды.

Сон Ён Хун 20 жылдан астам уақыт бойы корей студенттеріне қазақ тілінен дәріс оқып келеді. Сонымен қатар ол Қазақстанның тарихы мен мәдениетін зерттеп, корей қоғамына қазақ халқының дәстүрі мен Ұлы дала өркениетін танытуға үлес қосып жүр.

Ғалымның пікірінше, қазақ тілін меңгеру – Қазақстанның мәдениеті мен көшпелі өркениеттің ерекшелігін терең түсінудің маңызды жолы. Ол қазақ тілін екі халықты жақындастыратын рухани көпір ретінде бағалайды.

Марапаттау кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев профессордың көпжылдық еңбегін атап өтіп, оның қазақ тілін өте жақсы меңгергеніне және есте сақтау қабілетінің жоғары екеніне тоқталды.

«Достық» ордені Корея азаматтарына Қазақстан мен Корея арасындағы достық қатынастарды нығайтуға, сондай-ақ сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға қосқан үлесі үшін берілді.

Сон Ён Хунмен бірге Корея Республикасының Ұлттық жиналысы депутаттары Мэн Сон Гю мен Ли Чжэ-кан, Сеул киберуниверситетінің президенті Ли Сан Гюн және Hyundae General Hospital көпбейінді клиникасының директоры Ким Бу Соп та II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

 

Қазақ тілін 20 жыл оқытқан корей ғалымын Президент Тоқаев марапаттады