«Отандастар қоры» КеАҚ пен DARHAN RADIO ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

20 Шілде 2026

2026 жылғы 17 шілдеде  «Отандастар қоры» КеАҚ мен  «DARHAN RADIO»  Қазақстан және Орталық Азияның халықаралық цифрлық аудиоплатформасы  арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандумның негізгі мақсаты – шетелдегі отандастармен байланысты нығайту, қазақ тілін, мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ әлем қазақтарына арналған бірыңғай ақпараттық кеңістікті дамыту бағытындағы бірлескен жұмысты күшейту.

DARHAN RADIO – әлемнің 185 елінде қолжетімді халықаралық цифрлық аудиоплатформа. Платформа музыкалық және тақырыптық аудиоарналарды, авторлық бағдарламалар мен подкасттарды біріктіріп, әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақ қауымдастығы үшін заманауи ақпараттық және мәдени коммуникация алаңын қалыптастыруды мақсат етеді.

Меморандум аясында тараптар ақпараттық, мәдени-гуманитарлық және ағартушылық бағыттарда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Атап айтқанда, шетелдегі қазақ қауымдастықтарының тыныс-тіршілігін кеңінен насихаттау, Қоғамның бастамаларын кеңінен таныстыру, бірлескен подкасттар мен арнайы бағдарламаларды әзірлеу, жастар бастамаларын қолдау, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі мәдени және білім беру жобаларын іске асыру жоспарлануда.

Сонымен қатар, ынтымақтастық аясында шетелдегі табысты отандастардың тәжірибесін насихаттау, қазақ диаспорасы өкілдерінің өзара байланысын күшейту және цифрлық платформалар арқылы олардың ақпарат алмасуына қолайлы жағдай жасау көзделген.

Бұл серіктестік шетелдегі отандастармен өзара байланысты жаңа деңгейге көтеруге, Қазақстанның мәдени және рухани құндылықтарын халықаралық деңгейде кеңінен танытуға ықпал етеді.

«Отандастар қоры» КеАҚ пен DARHAN RADIO ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды