ҚР СІМ жанындағы Қоғамдық кеңесте «Отандастар қорының» қызметі талқыланды

Кеше

2026 жылғы 8 шілдеде «Отандастар қоры» КеАҚ кеңсесінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің Имидждік жұмыс комитетінің кезекті отырысы өтті.

Күн тәртібіне сәйкес комитет мүшелері шетелдегі отандастарды мәдени-гуманитарлық және ақпараттық қолдау бағытында «Отандастар қоры» КеАҚ (бұдан әрі – Қоғам) жүзеге асырып жатқан қызметтің негізгі нәтижелері мен алдағы басым жобаларын қарастырды.

Отырыс барысында Қоғамның вице-президенті Алибек Жұрқадам қордың қызметінің негізгі бағыттары мен қол жеткізілген нәтижелері туралы баяндама жасады.

Атап айтқанда, «Отандастарды ақпараттық қолдау орталығы» арқылы бүгінгі күнге дейін 35 мыңға жуық өтініш қаралып, көші-қон, білім, құжаттарды рәсімдеу, қандас мәртебесі мен азаматтық алу бойынша ақпараттық-консультациялық қолдау көрсетілгені атап өтілді. Қазіргі уақытта Қоғам әлемнің 30-дан астам еліндегі 160-қа жуық қазақ мәдени орталықтары және қоғамдық ұйымдарымен тұрақты өзара іс-қимыл жүргізуде.

Соңғы жылдары Қоғам ұйымдастырған офлайн іс-шараларға 40 мыңға жуық адам қатысты. Оның ішінде шетелде өткен кіші құрылтайлар мен форумдар, мәдени іс-шаралар мен концерттер бар.

Қазақ тілін оқыту бағытында 2 мыңнан аса онлайн сабақ ұйымдастырылып, 4 мыңға жуық адам тіл курстарынан өтті. «Жас Қазақ» жазғы этно-лагері жобасы аясында соңғы төрт жылда 637 этникалық қазақ баласы тарихи Отанымен танысу мүмкіндігіне ие болды. Бүгінде Қазақстанның жоғары оқу орындарында 5 мыңнан астам қандас студент білім алуда.

Қоғамның цифрлық ақпараттық жұмысының нәтижесінде әлеуметтік желілердің қамту көрсеткіші 3 миллион адамға жуықтады. Сондай-ақ «Ұлы дала» жобасы аясында 2023-2025 жылдары шетелдегі қазақ қаламгерлерінің 28 кітабы жарық көрді.

Талқылау барысында Қоғамдық кеңес мүшелері Қоғам қызметін одан әрі жетілдіруге қатысты ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, өңірлерде қандастарға қызмет көрсететін фронт-кеңселер желісін кеңейту, шетелдегі отандастарға арналған «Отандастар» журналын қайта шығару, сондай-ақ шетелде еңбек етіп жүрген қазақстандық және қазақ ұлтынан шыққан ғалымдардың қатысуымен тұрақты кездесулер өткізу мәселелері көтерілді.

Отырысты қорытындылаған Имидждік жұмыс комитетінің төрағасы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров «Отандастар қорының» шетелдегі отандастармен өзара іс-қимылды нығайту бағытындағы қызметіне оң баға беріп, қордың жобалары мен бастамаларын бұқаралық ақпарат құралдары мен цифрлық платформаларда кеңінен ақпараттандырудың маңыздылығын атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша айтылған ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, оларды қордың алдағы қызметінде ескеру жөнінде ұсынымдар қабылданды.

 

«Отандастар қоры» КеАҚ

Баспасөз қызметі

ҚР СІМ жанындағы Қоғамдық кеңесте «Отандастар қорының» қызметі талқыланды